2019 жылдың 3 тоқсанында Қазақстаннан 34 198 адам шетелге көшіп кетті, бұл былтырғы осындай кезеңге қарағанда (31,6 мың адам) 8,3% көп. Осы уақыт аралығында елімізге 7 988 адам көшіп келді, бұл былтырғы 3 тоқсанға қарағанда (9,3 мың адам) 14,4% аз. Көші-қонның кері сальдосы 26 200 адамға көбейді.

Ranking.kz сарапшыларының мәліметіне қарағанда Қазақстаннан шетелге көшіп жатқандардың көбі — қала тұрғындары: 28 800 адам немесе эмигранттардың 84,1%-і. Ауылдардан шетелге 5,4 мың адам көшкен.

Сыртқы көші-қонның ең елеулі кері сальдосы 16-дан зейнет жасына дейінгі азаматтар арасында байқалып отыр — 17,4 мың адам (23,6 мың адам кетіп, 6,2 мың адам келген). 15 жасқа дейінгі балалар арасындағы сыртқы көші-қонның кері сальдосы 8 мың адам болды: 9,1 мың бала көшіп кетіп, 1,1 мың бала көшіп келді.

Қазақстан азаматтарының көбі Ресейге қоныс аударған: 2019 жылдың 9 айында 30 362 адам кетіп қалды. Ресейден көшіп келгендердің саны — 2 197.

Қазақстаннан азаматтар ең көп көшіп барған екінші ел — Германия, 9 айда 2 085 адам қоныс аударды.

Бізден қоныс аударушылар таңдайтын елдер үштігіне Беларусь те еніп отыр: биылғы 9 айда Қазақстанның 297 азаматы осы елге көшті.

Қазақстандықтар сонымен бірге Өзбекстан, АҚШ, Қырғыз Республикасы, Израиль, Қытай, Түркия, Канада елдеріне жиі көшіп барып жатыр. Бізге Өзбекстаннан, Ресейден және Қытайдан көшіп келушілер көп. Толық мәлімет төмендегі кестеде:

Өңірлерден биылғы 3 тоқсанда шетелге көбіне Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары жиі қоныс аударған.

Сыртқы көші-қон бойынша оң сальдо, яғни көшіп келушілердің көшіп кетушілерден көп болуы Шымкентте (293 адам кетіп, 622 адам келді), Алматы облысында (1 155 адам кетіп, 1 456 адам келді) және Түркістан облысында (196 адам кетіп, 261 адам келді) байқалып отыр.

 

Сыртқы көші-қон