15 қараша — теңгенің айналымға енген күні. 1997 жылдың 13 қарашасында Қазақстан Президентінің жарлығымен 15 қараша ұлттық валюта күні әрі Қазақстанның қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды.
Ұлттық валютамыздың өзі 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға енді. Қазақстан ТМД-да ең соңғы болып ұлттық валютасын шығарды. Ақпарат құралдары архивінің мәліметінше, бұл валютаны «теңге» деп атауды ғалым, Халықаралық инженерлер академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауық Тәкежанов ұсынған.
Теңгені жасауға дайындық бірнеше жыл бұрын басталды. 1991 жылы дизайнерлер тобы құрылды, оған Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайролла Ғабжәлелов мүше болды. 1993 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы»» жарлығы шықты. 1993 жылы 15 қарашада бағамы КСРО-ның 500 рубліне тең болатын 1 теңге айналымға енді. Номиналы 1, 3, 5, 10, 20, 50 және кейінірек 100 теңге болатын банкноттарға тарихи тұлғалар портреті басылды.
Теңгенің алғашқы партиясы және қағаз түріндегі тиындар Ұлыбританияда басылып шықты. Кейін монеталар Германияда шығарылды. Қазақстанның Банкнот фабрикасы 1995 жылы ашылды.
Теңге 1999, 2009, 2014 және 2015 жыл1дары төрт рет девальвацияға ұшырады. 2015 жылдың соңында ол Еуропадағы ең құнсызданған валюта деп танылды.