Жеңіс мерейтойына арналған монета жасауға байқау жарияланды

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылы ел үшін маңызды және айтулы мерейтой — Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы тойланады.

Бұл мереке, бір жағынан, қуанышты, екінші жағынан, қайғылы, себебі ел есінде әскери жылдардың өлшеусіз қиындықтары мен халықтың мәңгілік ерлігі сақтаулы. Қазақстан Ұлттық банкі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өту шеңберінде 2019 жылғы 11 қарашадан бастап Қазақстан азаматтарының арасында «Жеңіске 75
жыл!» тақырыбына монеталардың үздік бейнеленуіне арналған ашық конкурс жариялайды, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Конкурстың негізгі мақсаты — дарынды азаматтарды анықтау және көтермелеу, суретшілерге өз шығармашылық потенциалын ашуға мүмкіндік беру және Жеңіс күні мерекесі туралы бірегей көзқарас ұсыну. Үміткерлердің жұмысы 2019 жылдың 25 қарашасына дейін қабылданады. Бір автор бір жұмыс қана ұсына алады.

Конкурс қорытындысы 2019 жылғы 2 желтоқсанда жария етіледі. Үміткерлер өз еңбектерін Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналысы департаментінің 050040, Алматы, «Көктем-3» ықшамауданы, 21-үй мекенжайына немесе [email protected] электрон поштасына «Жеңіс монетасын жаса!» белгісімен жолдауы қажет.

Конкурс тәртібі мен талаптары Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсындағы «Хабарландыру» бөлімінде жазылған.