Қазақстан мен Ресей Президенттері Омбыда кездеседі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Биылғы 7 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өтетін «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» атты Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады, — делінген Ақорданың хабарламасында.
Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездеседі және екеуі бірнеше құжатқа қол қояды. Президенттер жоғары технологиялар көрмесін де аралайды.
Еске салайық, бір ай бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин алдағы жұмыс кестесін ақылдасқан еді. Сол кезде биылғы 6-7 қараша күндері Омбыда өтетін Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XVI өңіраралық форумына дайындық барысы да талқыланды.