Профессор Сағымбай Қозыбаев 75 жасқа толды

Айтулы мерейтойға орай ғалымның өзі 45 жыл еңбек етіп келе жатқан әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ғылыми конференция өтті.

Салтанатты шарада Сағымбай Қозыбаевқа Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілері табыс етілді.

Филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазанова ғалымның қазақ тілін орыстілді аудиторияға насихаттап жүргенін айтты.

Бұл кісі соңғы жылдары қазақ сөздерін орыстілді мәтінге қолданып жүр. Қазақ тілін орыс аудиториясына насихаттауда айрықша үлес қосып келе жатыр. Бұны өте жақсы үрдіс деп есептеймін, — деді Айгүл Рамазанова.

Сағымбай Қозыбаев 1944 жылы Қостанай облысында туған. 1970 жылы қазіргі Санк-Петербург мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан мемлекеттік телерадио жүйесінде кіші редактор, бас редактордың орынбасары, Бүкілодақтық радионың Қазақстандағы меншікті тілшісі (1970–74), ҚазМУ-да (қазіргі ҚазҰУ) декан, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2001 жылдан бері Қазақстан журналистика академиясының президенті. 350-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Германияда, Сингапурда және Америка Құрама Штаттарында дәріс оқыған. Бүгінге дейін мыңнан астам публицистикалық және ғылыми мақала және 54 кітап жазған.

ДереккөзTurkystan.kz