Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қазір Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мүше, Түрікменстан — ұйымның қауымдастырылған мүшесі.
Армения
КСРО іргесінің сөгілуі Армения мен Әзірбайжан үшін Қарабақ жанжалының ушығуына, 2 жылғы үздіксіз қантөгіске ұласты. Әлем қауымдастығы тәуелсіздігін мойындамаған Таулы Қарабақ Республикасының пайда болуымен, яғни соңғы нүктесі қойылмаған күйде тоқтаған соғыс елдегі экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси жағдайды әбден тентіретті. 1998 жылы тәуелсіз Арменияның алғашқы басшысы Левон Тер-Петросянның Қарабақ жанжалын шешу жөніндегі ымырашыл жоспарын Армения министрлер кабинетінің жартысы қолдамай, ел Үкіметі қақ жарылды. Левон Тер-Петросян отставкаға кетуге мәжбүр болды. Осыдан кейін Президенттің міндетін Үкімет басшысы, кезіндегі Қарабақ соғысы қаһарманы, мойындалмаған республиканың алғашқы басшысы болған Роберт Кочарян уақытша атқарды. Ол 1998 жылы 30 наурыздағы кезектен тыс сайлауда жеңіске жетті. 2003 жылы наурызда екінші мерзімге сайланды. Кейін оппозиция Роберт Кочарянды сайлау нәтижесін бұрмалады және әкімшілік ресурстарды пайдаланды деп айыптады. 2008 жылы 9 сәуірде өкілетінің аяқталуына байланысты отставкаға кетті.
2018 жылы Ереван соты Роберт Кочарянды 2008 жылдың наурызындағы наразылық акциясын тарату туралы іс бойынша 2 айға қамауға алды. 13 тамызда Арменияның апелляция соты мемлекеттің бұрынғы басшысына қолсұғылмаушылық туралы конституциялық норма негізінде оны босатқанымен жылдың соңында қайтадан қамауға алды. 2019 жылы сот Роберт Кочарянның зейнетақыдан басқа барлық мүлкіне тыйым салды. 2019 жылы 18 мамырда ол Бако Саакян мен Аркадий Гукасян кепілдігімен тұтқыннан босады, бірақ бір айдан соң Арменияның апелляциялық сотының шешімімен үшінші рет қамауға алынды.
Әзірбайжан
Қарабақ соғысымен бірге тәуелсіз Әзірбайжанда саяси дағдарыс басталды. Армян-әзірбайжан этникалық қақтығысында қарсылас тараптың ширақ қимылдауы мен әзірбайжан билігінің әрекетсіздігі халық майданын пәрменді саяси күшке айналдырды. Оның ықпалымен бұл соғыста қантөгіссіз жолды таңдаған Әзірбайжанның тұңғыш басшысы Аяз Мүтәллибов отставкаға кетіп, кейін тіпті елден қашуға мәжбүр болды.
Бүліктен кейінгі сайлауда, 1992 жылдың 17 маусымында Әбүлфәз Эльчибей жеңіске жетіп, билікке келді. Нағыз фамилиясы — Әлиев, «Эльчибей» («халық елшісі») — өзіне қойып алған екінші ныспы. Түрікшіл көзқарастағы Әбүлфәз Ресей мен Иранға қарсы саясат ұстанды. Қарабақ соғысы кезінде бұл жағдай халық сайлаған басшыға оңай болған жоқ. Оған сыртқы жаумен бірге елдегі саяси күштермен де күресуге тура келді. Армяндармен соғыста әзірбайжан әскері жеңіліс тауып жатты, Әбүлфәз Эльчибей мен әзірбайжан полковнигі Сурет Гусейнов арасында кикілжің туып, өрши түсті, Сурет Гусейнов армиясы Гянджада билікті Қарабақтағы сәтсіздікке кінәлап, халықты Әбүлфәз Эльчибейге бағынбауға үндеді, елдегі тұрақсыздықты армян тарапы да пайдасына шешті. Ақыры Қарабақ соғысы асқынып жатқанда Әзірбайжан азаматтық қақтығыс жағдайына жетті, көтерілісшілер билік әскерін тықсыртып, қалаларды басып ала бастады, Президенттің өзі құрған мемлекеттік комиссия бүлікшілерді жақтап шықты, оппозиция Парламенттен Президентке сенімсіздік туралы вотум жобасын талқылауды және мемлекет басшысы өкілетін Гейдар Әлиевке беруді ұсынды, бірақ бұл шешім ел Конституциясына сай келмегендіктен Парламент Президентке сенім туралы бүкілхалықтық референдум өткізуді ұйғарды. 1993 жылдың тамызында өткен референдумда халықтың 97,5%-і оның оставкаға кетуін қолдап, дауыс берді. Жақтастары референдумның нәтижесіне күмән келтірді. Елде мемлекеттік төңкеріс бұдан әлдеқайда бұрын басталып, 1993 жылдың 24 маусымында-ақ Әзірбайжанның екінші Президенті іс жүзінде биліктен шеттетілген еді.
Отставкадан соң Әбүлфәз Эльчибей елдің үшінші басшысы Гейдар Әлиевтің оппоненті болып, оның Күрдістан жұмысшылар партиясы террорлық ұйымын құруға қатысы бар екенін мәлімдеді. 2000 жылдың сәуір айында Әбүлфәз Эльчибейге қуықасты безі рагына байланысты Түркияда операция жасалды, бірнеше айдан соң ауруханаға тағы түсіп, сол жылы 22 тамызда Анкарада қайтыс болды. Гейдар Әлиев Әбүлфәз Эльчибейдің емделуіне және кейін жерленуіне жан-жақты көмек көрсетті.
Бұрынғы Президентке құрмет көрсетілуі керек, — деп мәлімдеді Гейдар Әлиев. Ал «Қазіргі Мусават» партиясының өкілдері «екінші Президентке у берілген» деп есептейді.
Беларусь
Әзірше Беларусьте екінші Президент билікке келген жоқ. Тұңғыш Президент, Президент деген лауазымның өзі бұл ел тәуелсіздік алғаннан кейін бірден пайда болмады. Алғашқы жылдары Беларусь парламенттік республика ретінде өмір сүрді. 1991 жылдың 8 желтоқсанында КСРО-ның ыдырауы мен ТМД-ның құрылуы туралы Беловежье келісіміне қол қоюға қатысқан және Белорус КСР-і атауын Беларусь Республикасы деп өзгерту туралы заңға қол қойған Жоғарғы Кеңестің төрағасы Станислав Шушкевич еді.
Мемлекет әуелі парламенттік-президенттік республикаға айналып, 1994 жылдың 20 шілдесінде Александр Лукашенко Президент болып сайланды. Бір жылдан соң референдум өтіп, нәтижесінде елдің мемлекеттік рәміздері өзгерді, орыс тілі мемлекеттік статус алды. 1996 жылға қарай Президент пен Парламент арасында қарама-қайшылық ушығып, Александр Лукашенко тағы бір референдум өткізуге бастама көтерді. Оның нәтижесінде Конституция өзгертіліп, мемлекет президенттік басқаруға көшті, Президент өкілеті айтарлықтай кеңейді, енді оның бес жылдық өкілеті қайтадан есептелетін болды. Халықаралық органдар бұл референдум барысында заңсыздықтар болды деп есептеп, оның нәтижесін әлі күнге дейін мойындамайды. 2004 жылы Александр Лукашенко жаңа референдум өткізді, оның нәтижесінде Президент болған адамның сайлауға қайтара түсуіне қойылатын шектеу алып тасталды.
2020 жылы Беларусьте кезекті алтыншы Президент сайлауы өтеді. Александр Лукашенко сайлауға түсетінін мәлімдеді.
Саясаттанушы Сәкен Нұрқабекұлының болжамына қарағанда биыл Беларусьте билік ауысуы мүмкін, бірақ бұл өзгеріс сайлау арқылы келмейді.
Александр Лукашенко сайлауға түсемін деді. Әрине, ол қолындағы ресурсты пайдаланып, жеңіске жетеді. Бірақ билікті ұстап тұрады деп ойламаймын. Президент сайлауынан кейін толқу күшейеді. Біріншіден, қазір белорустардың азаматтық белсенділігі күшейген. Сол себепті Александр Лукашенко мұрагерлік кандидатура ұсынса да, жұрт оған оңайлықпен мойынұсына қоймайды. Қазір демократия түбі орнамай қоймайтын құбылысқа айналды. Бірақ ол үшін қоғамда азаматтық сана қалыптасуы керек. Белорустарда мұның белгісі байқалады, — дейді Сәкен Нұрқабекұлы.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов мұндай пікірге күмәнмен қарайды. Ол Қазақстан мен Беларусьтегі сайлауларға қатысты параллель келтірді.
Қазақстанда өткелі отырған Парламент сайлауында Nur Otan партиясының «Ауыл» партиясынан оңбай жеңілу ықтималдығы қаншалықты болса, Беларусьте жаңа Президенттің сайлануы соншалықты ықтимал, — деген ирониямен жауап берді Шалқар Нұрсейітов.
Қырғызстан
Құрманбек Бәкиев билік басына 2005 жылдың көктемінде болған «Қызғалдақ төңкерісінен» кейін келді. Төңкерістің нәтижесінде Қырғыстанның бірінші Президенті Асқар Ақаев биліктен кетті. Бұл төңкеріске елдегі ахуалдың нашарлауы, экономика және саяси жағдайдың тұрақсыздығы себеп болды.
Құрманбек Бәкиев «Қызғалдақ төңкерісінен» кейін Президент пен Премьер-министрдің міндетін атқарды. Кезектен тыс Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынып, жеңіске жетті. 2009 жылы екінші мерзімге сайланды.
2010 жылы Қырғызстанда Құрманбек Бәкиевтің отставкаға кетуін талап еткен оппозиция митингілері өтті. 2010 жылы 7 сәуірде оппозиция мен Ішкі істер министрлігі арасындағы қақтығыс қарулы төңкеріске ұласты. Оппозиция жақтастары Бішкек пен басты әкімшілік ғимараттарды басып алды. Құрманбек Бәкиев елдің астанасынан Жалал-Абад облысына қашып кетті. Билігін сақтау үшін Қырғызстанның оңтүстігінен қолдау іздеді. 15 сәуірде Құрманбек Бәкиевті қолдайтын күштер Ошта митинг ұйымдастырды. Бірақ екінші Президенттің жақтастары және қарсылас топтардың қақтығысынан кейін митинг тарап кетті, ал мақсатына жете алмаған Құрманбек Бәкиев қырғыз елінен кетуге мәжбүр болды. Ол Таразда биліктен бас тартатын қағазға қол қойып, ары қарай Беларусь астанасы Минскіге ұшып кетті.
Молдова
Петр Лучинский билік басына 1996 жылғы сайлаудағы жеңісінен кейін келді. Елдің бірінші Президенті Мирча Снегур бұл сайлауда жеңіліп қалды. Петр Лучинский 1997-2001 жылдары Молдова Президенті болды. Ол билікке келгеннен кейін халықаралық қаржы құрылымдарының қысымымен Мирча Снегур кезінде басталған реформалар жүзеге асты. Петр Лучинский сыртқы саясатта ТМД-дан алшақтап, Еуропаға жақындау бағытын ұстанды. Бұл кезеңде елде халықтың көбінің өмір сүру деңгейі төмендеді, билікке наразылық өршіді және бұл жағдай 1998 жылғы Парламент сайлауы нәтижелеріне әсер етті. Молдова Республикасы коммунистер партиясының ролі арта бастады.
2001 жылдың 4 сәуірінде өткен Президент сайлауына Петр Лучинскийдің кандидатурасы ұсынылмады. Билікке Молдова Республикасы коммунистер партиясының жетекшісі Владимир Воронин келді. Қазір Петр Лучинский — Lucinschi стратегиялық зерттеулер және халықаралық хатынастарды дамыту қорының президенті.
Ресей Федерациясы
1999 жылдың 31 желтоқсанында Борис Ельцин мерзімінен бұрын қызметінен кететінін мәлімдеп, міндетін атқаруды Владимир Путинге тапсырды. 2000 жылдың 26 наурызында Владимир Путин сайлауда жеңіске жетті. 2004 жылы екінші мерзімге сайланды. 2008-2012 жылдары Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы болды. 2012 жылы ол Мемлекет басшысы лауазымына қайта сайланды. 2018 жылы Президент сайлауына тағы қатысып, жеңіске жетті. Владимир Путин дүниежүзіндегі ең ықпалды саясаткерлердің біріне айналды. Владимир Путиннің тұсында Ресей Екінші Шешенстан соғысын бастан өткерді, Оңтүстік Осетия мен Грузияда әскери операция жүргізді, Сириядағы соғысқа араласты, Украинадан Қырымды тартып алды. 20 жыл ішінде елде көп терроризм актісі болды, оның ішінде Дубровка және Беслан оқиғалары бар. Оның билігі кезінде Ресейдің Батыспен қарым-қатынасы нашарлады, ел дүркін-дүркін АҚШ пен Еуропа елдерінің экономикалық санкцияларына ұшырап келеді.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, билікте ұзақ отыруы жағынан Владимир Путинді сәтті карьера жасаған екінші Президент деп айтуға болады. Ресей мен Беларусь Президенттері екі елдің экономикалық жүйесін интеграциялау бойынша жаңа келісімге қол қойса, Владимир Путин 2024 жылдан кейін билікте тағы қалуы мүмкін.
Меніңше, саясаттағы карьераны билікте ұзақ отырумен «сәтті» деп бағалау жеткіліксіз. Өйткені кез келген саясаткер үшін тарихта қандай атпен қалатыны маңызды. Сол себепті қазір билікті ұстап отырған Владимир Путиннің де, басқалардың да биліктен қалай кететінін және тарихта қандай атпен қалатынын дөп басып айту мүмкін емес, — дейді Шалқар Нұрсейітов.
Сәкен Нұрқабекұлының пікірінше, Владимир Путинге билікте отырған кезеңі жеке карьера тұрғысынан сәтті болды. Бірақ мемлекет үшін, аймақ үшін сәтті бола қойған жоқ.
Владимир Путин — ТМД елдеріндегі авторитар жүйенің тұрақтауына басты себепкер. Егер Ресей эволюциялық жолмен болсын, революциялық жолмен болсын демократиялық процестерге өте алса, бұл тенденция тұтас аймаққа әсер етер еді. Екіншіден, Владимир Путин аймақтағы басқа елдерде де биліктің өзгермеуіне мүдделі болды. Мұнда экономикалық та, саяси да мүдде бар, бірақ жеке карьерасының мүддесі басым болды, — дейді ол.
Тәжікстан
Тәжікстан КСРО-дан тәуелсіздік аларынан бірнеше күн бұрын — 1991 жылдың 31 тамызында елдің Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс отырысында депутаттар Қахар Махкамовқа сенімсіздік білдіріп, оны биліктен кетірді. Дегенмен ол Тәжікстанның алғашқы Президенті деп есептеледі. Сол жылы қараша айында өткен Президент сайлауында Рахмон Нәбиев 56,92% дауыспен жеңіске жетті. Оппозиция дауыс беру нәтижесі бұрмаланғанын мәлімдеді.
1990 жылдың соңынан этникалық қақтығысы қозып, әлеуметтік-саяси ахуалы тұрақсызданып тұрған Тәжікстан Рахмон Нәбиев қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейін азаматтық соғысты басынан кешті. Ел астанасының оппозициядағы басшысының тұтқындалуы Душанбеде Үкіметке қарсы ереуілдердің етек алуына себеп болды. Бүлікшілер Президент сарайын басып алып, Рахмон Нәбиевті оппозиция мүшелерін Үкіметке қосуға мәжбүрледі. 1992 жылдың тамызында Тәжікстанда жағдай әбден ушықты, қарсыластары Рахмон Нәбиевті кепілдікке алуға тырысты. Президент Душанбеден қашып кетуге әрекеттенгенімен үлгермеді, 7 қыркүйекте ол қысымның әсерінен отставкаға кетті. 7 айдан кейін жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның жерлеу рәсіміне болашақ Президент Эмомали Рахмон қатысты.
Рахмон Нәбиев кезінде басталған азаматтық соғыс 1997 жылға дейін жалғасты. Бұл жылдар ішінде түрлі саяси күштің тартысынан, кедейшіліктен халықтың еңсесі түсті, азаматтар көрші мемлекеттерге қашты.
Өзбекстан
Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан Президенті міндетін Сенат спикері Нигметилла Йулдошев атқаруы керек болды, бірақ ол бас тартты. Олий Мажлис бұл лауазымды уақытша атқаруды Үкімет басшысы Шавкат Мирзиеевке тапсырды. Ол 2016 жылдың 4 желтоқсанында өткен Президент сайлауында жеңіске жетті.
Шавкат Мирзиеев содан бері Өзбекстанды басқарып келеді. Ол билікке келгеннен-ақ халық арасында жоғары беделге ие болды, экономикалық-саяси қайта құруды қолға алды, ел азаматтарымен тікелей байланыс орнатты. Ішкі істер, қорғаныс, арнайы қызмет, білім беру, кадр саясаты, салық, валютаны ырықтандыру, адам құқығын қорғау салалары, жемқорлықпен күрес бойынша реформа жасады. Прокуратура органдарын бұрынғы қызметкерлерден тазартты. Сыртқы саясатта әуелі Орталық Азия аймағындағы іргелес мемлекеттермен сенім мен тату көршілестікке негізделген жаңа қарым-қатынастарды бастады, ТМД елдерімен, Еуропа мен Азияның ірі мемлекеттерімен, ірі халықаралық ұйымдармен өзара ынтымақтастықты нығайта түсті. Ислам Кәрімов кезінде томаға-тұйықтау болған Өзбекстан әлеммен тең құқылы әрі өзара тиімді ашық диалог қағидаларына құрылған саясатқа көшті.
Түрікменстан
Түрікменстан — ТМД-ның қауымдастырылған мүшесі. Өзін Ұлы Түрікменбашы әрі мемлекетті өмір бойы басқаратын Президент деп жариялаған Түрікменстанның бірінші Президенті Сапармұрат Ниязов 15 жылғы биліктен соң қайтыс болды. Бұдан соң мемлекетті уақытша басқарған Гурбангулы Бердімұхамедов 2007 жылдың 11 ақпанында өткен сайлаудың нәтижесінде елдің екінші Президенті атанды.
Гурбангулы Бердімұхамедов Сапармұрат Ниязов қалыптастырған жеке басқа табынушылықты түбегейлі жойды: тұңғыш Президенттің аты-жөні мен оның бейнесі мемлекет рәміздері мен құжаттарынан алынды, Сапармұрат Ниязов жазған «Рухнама» кітабы мектеп бағдарламасынан қысқартылды. Дегенмен Түрікменстанда жеке басқа табынушылықтың келесі кезеңі басталған еді — ол Гурбангулы Бердімұхамедовтың есімімен байланысты. Оның «Ұлт көшбасшысы», «Аркадаг» деген мәртебесі бар, Президент пен оның әкесінің аты әскери бөлімдерге, елді мекендерге, көшелерге берілді, Аркадаг құрметіне ашылған ескерткіштер мен саябақтар және басқа да нысандар бар. Түрікменстанда некелесушілер Президенттің фонында суретке түсуге міндетті.
Гурбангулы Бердімұхамедов Президент сайлауларында сөзсіз жеңіске жетеді. 2017 жылғы сайлаудан кейін ол Түрікменстан Конституциясының жаңа түзетулеріне байланысты 5 жылға емес, 7 жылға сайланды.
Нейтралитет мәртебесіне қарамастан Түрікменстанның дүниежүзі мемлекеттерімен, ірі халықаралық құрылымдармен байланысы жақсы. Дегенмен негізгі серіктестері — Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қытай, Түркия және Иран.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтың билікте әлі қанша жыл отыратынын болжау қиын, бірақ екеуі де ұзақ отыруға тырысады.
Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев билікке Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін өз еркімен тоқтатқаннан кейін келді. Мұндай жағдайда Қазақстан Конституциясы талабы бойынша Президент болып Сенат төрағасы тағайындалады. 2019 жылы 20 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің міндетін атқарушы ретінде ант қабылдады. Ант қабылдау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевты «Халық қаһарманы» және «Еңбек ері» наградаларымен марапаттады. Сонымен бірге Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының орталық көшелерін Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атауды ұсынды. Кейін бұл ұсыныс орындалды. 9 маусымда Қазақстанда өткен кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.
Сарапшы Сәкен Нұрқабекұлының пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір президенттік мерзімге сайлануы Қазақстан үшін тиімді. Өйткені Қазақстанда билік өзгергенімен жүйе ауысқан жоқ.
Бір жағынан абсурд боп естілуі мүмкін, бірақ жүйені өзгерту үшін де билігі бекіген лидер керек. Әйтпесе, Қазақстанда кланаралық шайқас өршіп, елдің берекесін қашырып, одан кейін ескі жүйе қайта орнауы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев бізге демократия әкеле алмайды, бірақ оның демократиялық өзгерістерге жол ашып, өзінің өтпелі кезеңдегі миссиясын жақсы атқарып шығуына мүмкіндігі бар. Оған білімі, тәжірибесі, ақыл-парасаты жетеді. Оның үстіне, жеке амбициясы пайда болса, билікте ұзақ мерзімге бекініп алуына жасы мүмкіндік бермейді, — дейді Сәкен Нұрқабекұлы.
Ал Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаттан кету-кетпеуі денсаулығы мен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік транзитін іске асыру жоспарына байланысты.
Теория жүзінде айтсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда көрсетілген құқықтарын толық пайдалануға тырысып, Нұрсұлтан Назарбаевтан тәуелсіз саясаткер болуға шешім қабылдаса, сол арқылы халықтың қолдауына ие болса, онда оның әлі 10 жыл Президент болуға мүмкіндігі бар, — дейді ол.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына Украина мен Грузия да мүше болды. Украинаның екінші Президенті — Леонид Кучма (1994-2005), Грузияның екінші Президенті — Эдуард Шеварнадзе (1995-2003).
Қорыта айтқанда, ТМД елдерінде екінші Президенттер билікке әртүрлі жолмен келді. Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения мен Молдовада саясаткерлер бірінші Президентті төңкеріс жолымен, оппозициялық күшпен немесе халықтың сенімімен ығыстырса, Ресей мен Қазақстанда бірінші Президент өкілетін ізбасарына өз еркімен берді. Өзбекстан мен Түрікменстанда тәуелсіздікпен бірге келген президенттік қызмет көшбасшының билікте отырып қайтыс болғанынан кейін ауысты. Беларусьте бірінші Президент әлі билікте отыр.
Сәкен Нұрқабекұлының айтуынша, кез келген авторитар елдегі биліктің ауысуынан параллель байқауға болады. Билік өз еркімен ауысқысы келмейді. Бас кейіпкер сахнадан кетсе де, ықпалын сақтап қалуға тырысады. Жаңа билік те жүйені сақтап қалғысы келеді.
Көп елде революциямен келген билік те алғашқысының қатесін қайталап жатыр. Есесіне, мұрагерлік жолмен келіп тұрып, елге формациялық даму әкелген оқиға көп. Әсіресе, азаматтық қоғамы дамымаған елде бәрі саяси көшбасшыға байланысты болады. Бірақ мені Исландияның 2008-2010 жылдардағы екі рет билік ауыстырып, елдегі экономикалық ауыр дағдарысты қалай жылдам шешкені таңғалдырады. Әуелі негізгі билікті, артынша оппозициялық жолмен келген үкіметті кетіріп, мүлдем бейтарап тұлғалардан мықты кабинет құрап алды, — дейді ол.