Президент Қырғызстан мен Түрікменстанға жаңа елшілер тағайындады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан мен Түрікменстандағы елшілерді тағайындады. Ақорданың сайты тиісті жарлықты жариялады.

Қайрат Айтмұхамбетұлы Нұрпейісов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне, Еркебұлан Оңалбекұлы Сәпиев Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды, — делінген құжатта.

Бұған дейін Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болған Кәрім Көкірекбаев қызметінен босатылды. Президент Қазақстанның Түрікменстандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Жандос Асановты да лауазымынан босатты.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Қайрат Нұрпейісов Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы болды. Еркебұлан Сәпиев бұған дейін Қазақстанның Стамбулдағы бас консулы болып қызмет етті.