2020 жылы Бішкекте Абайға ескерткіш орнатылады

Бішкекте шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысын өткізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кеңес екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала беретінін айтты. Қазақстан Президентінің айтуынша, екіжақты қатынастардың маңызды жетістігі — бүгінге дейін жасалған 180-ге жуық шарт пен келісімнің құқықтық базасы және Қазақстан басқа ешқандай елмен мұндай жан-жақты әрі іргелі байланыс орнатпаған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің экономикалық байланыстарының артықшылығы — көлік-транзит инфрақұрылымы қалыптасқан ортақ шекараның болуы және Еуразия экономикалық одағы аясындағы серіктестік. Соның арқасында Қазақстан Қырғызстанның сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты.

Біздің сауда айналымымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30% артып, 900 миллион долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды, — деді Қазақстан Президенті.

Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы екі ел халықтарының игілігі жолында одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Келіссөз барысында қырғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков келіссөз қорытындысы бойынша қандай құжаттарға қол қойғанын мына жерден көруге болады.

Бұқаралық ақпарат құралдары үшін жасалған бірлескен мәлімдеме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Президенті ретінде қазақ-қырғыз көпжақты ықпалдастығын дамыта беруге ниетті екенін айтты. Оның айтуынша, бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған Бірлескен декларация — соның дәлелі.

Қазақстан Президенті екі ел кәсіпкерлері үшін Қырғызстанмен арада өңіраралық форум өткізу тәжірибесі енгізілетінін айтты. Қазір бұл ұсынысты Қазақстан мен Қырғызстан Премьер-министрлері пысықтап жатыр. Қазақстан тарапы экспорт-импорт операцияларын қолдау мақсатында тауар рәсімдеу мен дайындау жөніндегі логистикалық орталық құруды да ұсынып отыр. Бұл жоба қос көрші ел арасындағы шекарада әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, тауардың кедергісіз өтуіне мүмкіндік туғызады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға да уағдаласты. Мұндай шара соңғы рет 6 жыл бұрын өткен.