Басты бетЖаңалықтарДариға Назарбаева...

Дариға Назарбаева Валентина Матвиенкомен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті.

Парламенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселесін, соның ішінде екі ел парламенттерінің байланысын талқылады. Дариға Назарбаева Қазақстан мен Ресейдің бұрыннан келе жатқан көпқырлы әрі ең жақын қарым-қатынасы өзгеріссіз қала беретінін айтты.

Дариға Назарбаева әңгіме барысында шекара маңындағы ынтымақтастық мәселесіне назар аударды. Ол Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінің мәртебесін арттыру жөнінде ұсыныс айтты.

Шекара аймақтарында тұратын адамдардың мүддесіне орай шекарадан өту рәсімдерін барынша оңайлату керек. Бұл әлеуметтік-экономикалық және мәдени алмасудың дамуына оң әсер етеді. Аймақтағы шағын және орта бизнестің өсуіне, ықпалдастық үдерістердің қарқын алуына серпін береді, — деді Дариға Назарбаева.

Сенат спикері Қазақстан мен Ресей азаматтарының екі ел аумағында жүріп-тұру мәселесінде тепе-теңдіктің жоқтығына Ресейдің назарын аударды.

Дариға Назарбаева мен Валентина Матвиенко экологиядағы өзекті мәселелерді, су пайдалануды тиімді реттеу және трансшекаралық өзен ресурстарын пайдалануды да талқылады.

Трансшекаралық Жайық өзенінің проблемалары әртүрлі деңгейде бірнеше рет қаралды, бірақ шаруа бір орыннан ілгерілемеді. Мемлекеттік органдардың өкілдері, алпауыт тұтынушылар, үкіметтік емес ұйымдар, сонымен бірге су үнемдеу және трансшекаралық өзендердің проблемаларын зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары құрамына кіретін әрі біздің елдеріміздің бюджетінен қаржыландырылатын бірлескен комиссия құру зор пайда әкелер еді. Бұл мәселеде қолдау көрсетуде Федерация кеңесіне ризашылығымды білдіремін, — деді Дариға Назарбаева.

Валентина Матвиенко Ресей мен Қазақстанның достық және одақтастық қатынасы екі мемлекеттің дамуы үшін маңызды екенін айтты.

Мұндай кездесулерде біз парламенттік бақылауды талап ететін және жоғары деңгейде қол жеткен уағдаластықтардың Ресей мен Қазақстан азаматтарының мүддесіне орай жүзеге асуын қамтамасыз ету мәселелерін көтереміз, — деді Валентина Матвиенко.

Федерация кеңесінің төрағасы екіжақты қатынастардың экономикалық және мәдени құрамдас бөліктерін нығайтуда, өңіраралық байланыстарды кеңейтуде маңызды роль атқаратын Қазақстан мен Ресейдің парламентаралық байланыстарын дамытудың маңызын айтты.

Валентина Матвиенко 2022 жылы Ресейде өтетін Дінаралық және этносаралық диалог жөніндегі дүниежүзілік конференцияны дайындау жөнінде бірлескен жұмысты бастауды ұсынды. Сонымен бірге Дариға Назарбаеваны 2021 жылы өтетін III Еуразия әйелдер форумының тең төрағасы болуға шақырды.

Кездесуде Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкоға I дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенконы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға және дамытуға қосқан үлесі үшін «Достық» орденімен наградтау туралы жарлыққа қол қойған еді.