Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елімізде 332 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл — жылдық жоспардың 89%-і (373 мың). Оның 146 мыңы ауылдарда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, экономика қызметі түрлері бойынша ең көп ашылған жұмыс орындары көтерме және бөлшек сауда саласында. Орын саны — 35,8 мың. 32,9 мыңы құрылыс саласында, 31,2 мыңы ауыл, орман және балық шаруашылықтарында.
Жұмыс орындарының басым бөлігі Алматы облысында (42,3 мың), Қарағанды облысында (31 мың) және Алматыда (36,4 мың) ашылды.
Ең аз жұмыс орны Қызылорда (9,6 мың), Ақмола (10,3 мың) және Батыс Қазақстан (10,8 мың) облыстарында ашылған.
Қазіргі уақытта жұмыс орындарын ашу негізінен мемлекеттік бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары, инвестиция жобалары, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру жөніндегі бағдарламалары аясында жүзеге асырылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орындарын ашу мониторингін жүзеге асырудың жаңа ережелерін қабылдады. «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесін де әзірледі. Жүйе өңірлер бөлінісінде елді мекендерге, мемлекеттік бағдарламаларға, шағын және орта бизнеске, жобаларға, кәсіпорындарға, экономика салаларына жиынтық нысандар мен есептілікті әзірлеу мүмкіндігімен мониторинг жүргізеді.