ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жақында күрес, бокс, ауыр атлетика спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама командаларының көрсеткен жарыс қорытындысы бойынша кеңес өткізді.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарыстардың қорытындысы мен Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ұлттық Олимпиада комитетінің хатшысы Сәкен Мұсайбеков, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, ұлттық құрама командалардың бас тренерлері айтты.
Елдос Рамазановтың айтуынша, Олимпиадаға кемінде 100 лицензия жеңіп алу жоспарланған. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында 9 спорт түрінен 20 лицензия бар.
Нәтижелер көңіл көніштпейді. Бокстан жалпыкомандалық есепте үшінші орынды алдық, ауыр атлетикадан — 12-орын, күрестен — 14-орындамыз. Бокстан ғана жалғыз алтын медаль бар. Министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар мен демеушілер жеткілікті қолдау көрсетіп отыр. Онда неге нәтиже жоқ? Министрлік бұл жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отыр. Спорт — елдің имиджі. Токиода өтетін Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсету үшін қателермен жұмыс істеңіздер. Уақыт аз қалды, — деді Бердібек Сапарбаев.
Вице-премьер спортшыларды жарыстарға іріктеу кезінде ашықтық пен объективтің жетіспейтінін айтты.
Спортта алалау ешқашан болмауы тиіс. Еліміздің абыройын үздік спортшылар қорғауы керек. Бұқаралық спортты дамытып, кәсіби спортшылардың жас ұрпағын дайындау керек. Біздің материал-техника жағынан базамыз жақсы, сол себепті өңірлерде спорт құрылымдарын тиімді пайдалану қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.