Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр мен Сенат төрағасын қабылдады

Премьер-министр Асқар Мамин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері, шетелдік инвестицияларды тарту барысы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру, өңірлерді дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мамин Президентке 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасы жайында да ақпарат берді. Мемлекет басшысы Премьер-министрге қазан айының ортасында өтетін экономикалық даму мәселелеріне арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысына дайындық жұмысын бастауды тапсырды.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Президентке Парламенттің жоғары палатасы жұмысының жай-жапсары мен заң шығару қызметінің жоспары туралы айтты. Президент Жолдаудың негізгі бағыттарын сапалы заңнамамен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.