Тарихи фильмді түсіру туралы идеяның авторы — Әлия Назарбаева. Ол «Анаға апарар жол» фильмі шыққанда режиссер Ақан Сатаевқа Томирис патшайым туралы фильм түсіру идеясын айтқан.

Фильмнің сценарийін Тимур Жақсылықов пен Әлия Назарбаева жазды. Тимур Жақсылықов — режиссер Ақан Сатаев түсірген барлық фильмнің сценарий авторы. Шығармашылық топ туындыны түсірмей тұрып көп тарихи материалмен танысқан, Геродоттың еңбектерін пайдаланған.

Томиристің ролін 28 жастағы актриса Альмира Тұрсын ойнады. Бұл — оның кинодағы дебюті. Кастинг директоры Жайна Әбдиева актрисаның Instagtram-дағы фотосуреттерін көріп, оны фильмнің кастингіне шақырған.

Альмира Тұрсын
Альмира Тұрсын. Фото «Қазақфильмнің» баспасөз қызметінен

Әлемге танылған Томирис патшайымның ролін ойнау — мен үшін үлкен бақыт. Режиссер Ақан Сатаев көп үміткердің ішінен мені таңдап, осы рольге бекіткеніне алғыс айтамын. Сол себепті Томиристің ролін лайық ойнап, режиссердың сенімін ақтауға бар күшімді салдым, — деді Альмира Тұрсын.

Фильмде сол дәуірдің бітім-болмысын дәл көрсету үшін түсіру тобы үлкен зерттеу жүргізген. Фильмдегі декорацияларды, костюмдерді, қару-жарақ пен ат әбзелдерін, әшекей бұйымдарды картинаның қоюшы режиссеры Қуат Тілеубаев бастаған суретшілер тобы жасаған.

Оған қоса, фильм үшін арнайы екі декорация — Қапшағай маңынан тұрғызылған «Спаргапистің ордасы» мен «Қазақфильм» территориясындағы «Вавилон қаласы» тұрғызылды.

Арман Әсенов
Арман Әсенов. Фото «Қазақфильмнің» баспасөз қызметінен

«Томирис» тарихи фильмін түсіру үшін кәсіби мамандар екі жыл бойы аянбай еңбек етті. Осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілім тобы «Анаға апарар жол» фильмін жарыққа шығарған еді. Фильм халықтың көңілінен шығып, халықаралық сыншылардың оң бағасын алды. Мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды, картина авторлары Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Сол сияқты «Томирис» фильмі де көрерменнің көңілінен шығып, үлкен биікті бағындыратынына сенемін, — деді «Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Әсенов.

Фильмнің режиссеры «Томиристі» көрсетуге басқа мемлекеттер де қызығып отырғанын айтты.

Ақан Сатаев
Ақан Сатаев. Фото «Қазақфильмнің» баспасөз қызметінен

Картинаның жарнамасымен және прокат мәселесімен «Қазақфильм» айналысады. Бірақ менің қолымда бар мәлімет бойынша фильмге түріктілдес халықтар қызығушылық білдіріп отыр, соның ішінде бірінші кезекте Түркия мемлекеті бар. «Арсенал» кинотеатры 2019 жылдың 27 қыркүйек күні болатын фильмнің премьерасына билеттердің түгел сатылғаны туралы айтты. Meloman компаниясы фильмді күн сайын 700 сеанспен көрсетеді. Олардың айтуынша,  Қазақстан бойынша мұндай рекорд бұған дейін болмаған, — деді режиссер Ақан Сатаев.

Фильмнің түсіру жұмысы 2017 жылдың желтоқсан айында Алматы облысындағы Заречный ауылының маңында басталған. Фильмнің түсіру жұмыстары Жаркент , Шонжа, Бурабай мен Баянауылда жүргізілді.

Фильмде кейіпкерлер көне түркі тілінде, ал парсы патшасы Кир көне парсы тілінде сөйлейді. Фильмге Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және тағы басқа кино актерлары түсті. Кирдің роліне Ридли Скоттың «Царство небесное» фильмінде Саладин патшаның ролін ойнаған голливуд актеры Гасан Масуд шақырылған.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!