Алматыда белгілі хирург Нұртас Қазыбаевты еске алды. Мұқан Төлебаев пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Хирургтың ескерткіш тақтасы журналист, жазушы әкесі Кәкімжан Қазыбаевтың жанына қойылған.
Еске алу кешіне келген дәрігердің жақын досы, ғалым Алмаз Шарман хирургты көпшілік «халық академигі» атағанын айтты.
Әріптестер арасында оның дарынды дәрігер екенін мойындайтынбыз. Пациенттері оны «қолы алтын адам» десе, дос-жаранның ортасында жақсылық жаршысы санайтынбыз, — деді Алмаз Шарман.
1995 жылы Нұртас Қазыбаевты Президент ісі басқармасының Орталық клиника ауруханасына шақырады. Аурухананың вице-президенті Шолпан Аюпованың айтуынша, Нұртас Қазыбаев бір жылға жетпей хирургия бөлімін басқарған.
36 жасында осы жұмысқа келуге көндірдік. Ол келген соң оң өзгерістер болып, хирургияға деген көзқарас өзгерді. Ол ұжымды басқара алды. Нұртасты елдегі барлық медицина өкілі танитын. Телефонына күндіз-түні тыным болмайтын. Сонда да телефонын бір өшірмейтін. Бәрі операцияны Нұртасқа жасатқысы келеді. Ол бәріне көмектесіп үлгерді, тек өзіне көмектесе алмады, — деді Шолпан Аюпова.
Нұртас Қазыбаев хирургия саласындағы өнертабыста бес патенттің иегері. Қазақстандағы «лапароскопия хирургиясының әкесі» саналады. Нұртас Қазыбаев 2012 жылы 53 жасында дүниеден өтті.