TEDxOrdabasySquare. Өміріңізді өзгерткен бастапқы нүкте қайсы?

Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған TEDxOrdabasySquare конференциясы Station zero - "Бастапқы нүкте" тақырыбында өтті. Шара ғаламдық жылыну, өзіңді тану, ғылымда жаңалық ашу мен бала тәрбиесіндегі әкенің орны, суицид мәселелерін көтерді. Baribar.kz конференцияға қатысқан 7  қатысушының спичін ұсынады.

Қазақстанды қандай экология проблемалары күтіп тұр?

TEDxOrdabasySquare спикері Дина Игілікова — Mampassi collective of Central Asia резиденті әрі координаторы. Ол соңғы 10 жылда Орталық Азиядағы көпшілік дипломатиямен айналысып келеді. Білімді жастардың басын біріктірген қоғамдастық құрған. Дина Игілікованың командасы мемлекеттерге түрлі проблемаға қатысты ортақ шешімге келуге көмектеседі.

Дина Игілікова. Фото: Әйгерім Бегімбет

Орталық Азияда шекараларға мина қою, виза режимдеріне қатысты мәселе мен этникалық қақтығыстар өршіп тұр. Бірақ бұл проблемалар Памир мен Тянь-Шандағы мұздықтардың еріп жатқанының қасында жолда қалады. Соңғы 30 жылда олардың көлемі екі есе кішірейген. Бұл мұздықтар Орталық Азиядағы барлық өзенді сумен қамтамасыз етеді. Алдағы 20 жылда олар толық еріп, Қазақстанның оңтүстігінде құрғақшылық басталуы мүмкін. Құрғақшылықтан егіннің шықпауы, одан несиені төлей алмау, фермалардың жабылуы мен азық-түліктің жеткіліксіздігі проблемасы туындайды. Тіпті, қақтығыс, соғыс болып, босқындар пайда болуы мүмкін, — дейді Дина Игілікова.

Оның айтуынша, табиғи процестерді ескермейтін жаһандану қалыптасқанының себебінен проблема туындап отыр. Оған қоса, адамзаттың 200 жылдан бері жерден көмір мен мұнай-газды қазып келе жатқаны белгілі.

Көмір мен мұнайды, газды жаққанда атмосфераға аса көп көлемде көмірқышқыл газы, метан мен азот тотығы тарайды. Күн энергиясы Жерге түсіп, қайтадан Күнге қайта алмайды. Жерде қалып қойып, температураны жоғарылатып отыр, — деді спикер.

Дина Игілікованың айтуынша, Жердің қызуын баяулатқымыз келсе, таза және қайта қалпына келетін энергия көзіне ауысу керек. Интернет жылдамдығын арттырып, электромобильге көшу қажет.

Алдағы 20 жылда елдегі барлық ғимаратты шағын электр станциясына айналдыратын болсақ, 5G көмегімен оларды «ақылды желіге» қосуға болады. Сонда кәсіпкер энергия өндіріп, оны сақтап, артық қорды желі арқылы делдалсыз сата алады. Кәсіп табыс әкелсін десек, сатып алу экономикасынан бас тартуға тура келеді. Ең тиімдісі — зат пен қызметті жалға беру, — деді Дина Игілікова.

Әр адам әлемді өзгерте алады. Спикердің айтуынша, ол үшін өзіңе мынадай сұрақтар қоюың керек: «Пластик қалта, пластик түтік, пластик бөтелке керек пе?», «Жарық қажет болмаса, неге жанып тұр?», «Артық киімді сатып алып қайтемін?».

Қала басшыларынан қаладағы қандай да бір проблеманың қалай шешілетінін сұраңыз. Басшылықтың қандай жоспары барын біліңіз. Болашақ біз баратын емес, біз құратын жер, — деді Дина Игілікова.

«Шын қалауын білген адам бақытқа жетеді»

Бұл идеяны бизнес-кеңесші Марина Непша тарқатты.

Өміріңіздегі кей жайттың не себепті болып жатқаны туралы ойлайсыз ба? Әр адам — магнит. Ішінде бар нәрсені өзіне тартып тұрады. Ментор болған соң өте көп адаммен жұмыс істеймін. Олар нені қаламайтынын нақты түсіндіреді. Бірақ не қалайтынын білмейді, — дейді Марина Непша.

Оның айтуынша, адам ұнатпайтын нәрсесін анық білсе, сол нәрсені магнит сияқты тартып тұрады. Мысалы, отбасында проблеманың болмауын қалайды. Бірақ сол мәселені ойлай берген соң ол қайталанып тұрады.

Өзіңіздің шын мәнінде не қалайтыныңызды нақты білу өте маңызды. Ол кітап пен кинодан көрген немесе адамдардан естіген шаблонды қалау болмауы тиіс. Адамдар өзгенің бақыт пен жетістікке жету моделін көріп алып, өздері де сол модельмен бақыт табатынына сенеді. Бірақ ол сізге сай келетін модель болмай шығуы мүмкін, — деді ментор.

Марина Непша
Марина Непша. Фото: Әйгерім Бегімбет

Ол үшін алдымен таныс-жақындар қойып берген бастағы түрлі шаблоннан құтылу керек. Жаңа нәрсеге орын босату қажет.

Маған келетін кей адамдар былай дейді: «Отбасымда бақытты емеспін. Өйткені жолдасым мына нәрсені орындамайды, ол былай істеуі керек еді». Ал өзіңіз ше? Отбасыңызда гармония болуы үшін не істедіңіз? Соны ойлану керек, — дейді Марина Непша.

Оның айтуынша, жүрегінің қалауын білген адамның өмірі жеңілдейді. Өміріңді өз қолыңа алу да бақытты болуға әсер етеді. Әр шалыс қадамын біреуге жаба салатын адам өмірінің тізгінін де өзгеге ұстата салады.

Математика қай кезден бастап санадағы құбыжыққа айналады?

Шынында, математика бізге не үшін керек? Бұл туралы шараның келесі спикері — математик Нұрбол Исмаилов түсіндірді.

Отбасымызбен сүйіп көретін мультхикаяның бірі — «Құбыжық пен сұлу қыз». Қызым бірде: «Әке, сұлу қыз қалайша құбыжыққа ғашық болып қалды? Оның түрі ұсқынсыз ғой», — деді. Ал соңында құбыжық ханзадаға айналды. Кей адамның санасында құбыжық кейпінде қалыптасқан ханзада бар. Оның аты — математика. Математика қай кезден бастап құбыжыққа айналады? — деген сауалмен бастады Нұрбол Исмаилов.

Оқушы 1-4-сыныпта натурал сандарға арифметикалық амалдар қолданып, оларды салыстыруды үйренеді. 5-сыныпта бөлшек сандар пайда болады. Оларға қолданылатын арифметикалық амал күрделенеді. Оның бәрін меңгеруге 1-ақ жыл бар.

Нұрбол Исмаилов
Нұрбол Исмаилов. Фото: Әйгерім Бегімбет

Нұрбол Исмаиловтың айтуынша, бала бұл уақытта бөлшек сандарды меңгеріп үлгермейді де, содан бастап оның санасында математика құбыжыққа ұқсай бастайды. Қызығушылығы төмендеген бала «Математика керек пе?», «Оны өмірде қолданамыз ба?» деген сұрақтар қояды. Сұрағына жөнді жауап таппаған соң, бұл пәнді жек көреді.

Математика адамға болжауды, нақтылық пен бір нәрсеге әр тараптан қарауды үйретеді.

Математика бойымызда көптеген дағдыны қалыптастырады. Соның бірі — болжау. Мысалы, сізге бір компания 30 күндік жұмыс үшін ақы төлеудің екі нұсқасын ұсынды делік. Бірінші нұсқада сізге әр күнге 10 000 теңгеден төленеді. Бұл жағдайда 30 күн үшін қанша алатыныңызды есептеу оңай. Ал екінші нұсқада сізге бірінші күні 1 теңге, екінші күні 2 теңге, үшінші күні 4 теңге төленеді. Осылай күн сайын еңбекақы екі есе өсе береді. Біріншіні таңдасаңыз, 300 мың теңге, екіншіні таңдасаңыз, 1 073 741 823 теңге аласыз. Сіз екі нұсқаның айырмасын бірден болжай аласыз, — деді Нұрбол Исмаилов.

Болжамыңызды басқаларға түсінікті және толық жеткізу үшін нақтылық қажет. Спикердің айтуынша, математика нақтылықты үйретеді. 1890 жылы Джузеппе Пеано квадраттың қисық екенін дәлелдеп берді. Қисық ұғымына квадраттың қалай сыйып кеткеніне адамдар таңғалды. Қандай да бір ұғымды анықтағанда ол ұғым ішіне сіз ойламаған заттар да кіріп кетуі мүмкін. Мысалы, адамды екі көзі, екі құлағы және аузы бар тіршілік иесі деп сипаттасақ, онда сиыр да адам болып есептеледі.

Математиктер 4-дәрежеге дейінгі теңдеудің формуласын тапты. Бірақ 5-дәрежелі теңдеулер шешімінің формуласын таба алмай қойды. Сонда олар бұл мәселеге басқа қырынан қарап көрді. Іздеп жүрген формула бар ма өзі? Расында, кейін бұл теңдеулер шешімінің формуласы жоқ екені дәлелденді. Математика қандай да бір мәселені әртүрлі тараптан қарауды үйретеді.

Санаңызда математика құбыжық кейіпінде қалыптасқан болса, оған басқа қырынан қарап көріңіз. Оның ханзада бейнесін көруіңіз ғажап емес, — деді Нұрбол Исмаилов.

«Ерекше баласы бар отбасының бақыты оны тастап кетпеуден басталады»

TEDxOrdabasySquare спикері — филолог Нұрлан Бектаев көрерменге оқиғасын баяндап, бастапқы нүктенің маңызын түсіндірді.

2012 жыл. Келіншегімнің аяғы ауыр. 26 наурыздың түнінде іші қатты ауырып, жедел жәрдем шақырдық. Келіншегімді бірден перинаталь орталыққа алып кетті. Аз уақыттан соң әке болатынымды ойлап, сүйіншіге беретін ақшамды қалтамнан бір алып, бір салып тағатсызданып отырмын. Ешкім сүйінші сұрамады. Палатаға кірсем, келіншегім жылап жатыр. Бөпеміз дем алмаған соң дәрігерлер алып кетіпті. Перзентхананы айналып жүре беріппін. Бір кезде телефоным шырылдады. Медбике екен. «Сәбиге керек заттарды әкеліңіз», — деді. Сол кезде барып сәбиіміздің өмір үшін күресіп жатқанын білдім, — деп бастады Нұрлан Бектаев.

Қызының есімі — Аяулым. 6,5 айлығында салмағы 990 грамм, бойы 35 сантиметр болып туған. Мұрнына дем арнайы аппаратпен беріледі. Көзін ашпайды. Сүт түтікпен беріледі. Аяулым 2,5 айдан соң ғана ауруханадан шыққан. 1,5 жасында церебраль сал дерті диагнозы қойылған. Әкесі Нұрлан «Ерекше баланың әкесі болсам, өзім де ерекше болуым керек» деп шешкен. Аяулымның тілі кеш шыққанымен қатарластары сияқты тәтті сөйлейтін.

Нұрлан Бектаев
Нұрлан Бектаев. Фото: Әйгерім Бегімбет

Нұрлан Бектаевтың айтуынша, церебраль сал дерті — ауқымды диагноз. Ми қызметі бұзылып, мидың сол аймағы жауап беретін мүшенің де қызметі бұзылады. Мұндай диагноз қойылған балаларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топтағы баланың денесі қалыпты дамып, қозғала алады. Бірақ ақыл-есінің дамуында кінәрат болады. Екінші топтағы бала барлығын түсінеді, бірақ жүре алмайды. Үшінші топтағы балада интеллект сақталады, аяқ-қолының қозғалысында аздаған кемістік болады.

Менің қызым осы үшінші топқа жатады. Дерттің ауырлығы сондай — үшінші топқа жатқанымызға шүкір еттік, — деді Нұрлан Бектаев.

Оның айтуынша, бүкіл бос уақытын қызына арнайды. Аяулымның анасын айына бір рет көңіл серпілтіп қайтуға жіберіп, өзі қызымен қалады. Ерекше күтім қажет ететін қызға қарау қай анаға да психология жағынан оңай емес. Дертке шалдыққан қызы үшін жүгіріп жүрген әкені көргенде ата-аналар да, дәрігерлер де таңғалады екен.

Біздің қоғамда әкесінің баласына, онда да ерекше балаға қамқорлық жасауы — таңсық нәрсе. Ерекше балалары бар отбасындағы қамқорлық, ұят та болса, айтайық, баласын тастап кетпеуден басталады, — деді Нұрлан Бектаев.

Биыл Аяулым мектепке барды. «Педагогикалық-медициналық кеңес» мекемесі ата-анасына Аяулымды мүгедектігі бар балаларға арналған мектепке беруге кеңес берген. Онда келген баланы жасына қарамастан бір сыныпқа қабылдай салады екен. Бірақ Нұрлан Бектаев қызын жалпы орта мектепке апарды. Оның айтуынша, бала құрдастарына еліктеп өседі.

Екі жыл бұрын әдеттегідей медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясынан өтуге бардық. Аяулым бестен асқандықтан психо-неврологиялық орталықтан анықтама алуы керек болды. Церебраль сал дертіне шалдыққан баланы осы диспансерге тіркеуге алатын тәртіп бар екен. Енді қызымыздың дертімен ғана емес, болашағы үшін де күрес басталды. Себебі бұл мекемеде тіркелген адамды ертең қоғамдық жұмысқа алмайды. Қызым өскенде оның бетіне қалай қараймын? Ештеңе анықтамастан «жындыханаға» тіркей салдым» деймін бе? Тіркеуге тұрмадық. «Психикалық дамуында ауытқу жоқ» деген анықтама жазып берді. Комиссиядан өттік. 2017 жылғы статистика бойынша Қазақстанда 26 мың балаға сал ауруы диагнозы қойылған. 26 мың баланың бәрі сал ауруына шалдыққан екен деп жүйке жүйесі диспансеріне тіркеуге ала берсе, не болмақ?  Осындай «бастапқы нүктелерде» дұрыс таңдау жасау өте маңызды, — деді спикер.

Суицидке кім кінәлі?

Бұл сұраққа блогер, журналист Эльвира Ерғалина өмірінен мысал келтіріп жауап берді.

Қазақстан суицид бойынша әлемде үшінші, Орталық Азия елдері арасында алғашқы орында тұр. Әлемде 40 секунд сайын бір адам, сағат сайын 92 адам қайтыс болады екен. 2015 жылы Қазақстанда ең үлкен статистика тіркелген. Күніне 10 адам өзіне қол жұмсаған.

Алматыда 2011 жылдың 19 сәуірінде 4-қабаттың терезесінен секіріп кеттім. Қалай құлағаным, жерге қалай түскенім есімде жоқ. Туған сіңлімнің қолымнан тартқылап жатқаны еміс-еміс есімде. Өзіңе қол жұмсау — секундтың тірлігі. Ал ол қадамға айлап, жылдап жетесің. Травматологтар оң аяғымды тіземнің астынан дырылдатып кесіп жатыр. «Аяғымды кеспеңдерші» деп жалынғаным есімде. Сосын жансақтау бөлімінде бір-ақ есімді жидым. Сіңлім жанымда екен, жылап-жылап, көзі ісіп, ашылмай қалыпты, — деді Эльвира Ерғалина.

Сіңлісі Эльвираны өліп қалады деп қорқып, үйіне жағдайды айтпаған. Отбасы бұл туралы 2,5 айдан соң — қызы ауруханадан шыққанда ғана білген.

Эльвира Ерғалина
Эльвира Ерғалина. Фото: Әйгерім Бегімбет

Жамбас сынды, оң аяғымның өкшесі мен тобық сүйегім майдаланған, екі омыртқам морт кеткен. «Мүгедек болдым ғой» дедім. Ары-бері тасиды, тамағым да, дәретім де катетермен өтеді. Қазақ отбасының басым бөлігі баласын «Жаныңды шығарам, таяқ жейсің» деп өсіреді. Үйдегілерге «Ұзын баспалдақтан аяғым қайрылып құладым. Омыртқам мен аяғымды сындырып алдым» деп өтірік айттым. Неге? Өмір мен өлімнің арасында жатсам да, «Үйдегілер мені өлтіреді» деген қорқыныш жеңіп кетті. Өкінішке қарай, баланың сыртын көргенмен ішіне үңіле бермейміз. Ал ол өзіне таудай көрінген проблеманы шешетін жол, шығатын саңылау таппай жүреді, — деді спикер.

Эльвира тағы бір оқиғаны баяндады. Спикеріміздің анасы оған аяғы ауыр болғанда ауруханада жатқан екен. Әкесі оларға бара жатқанда апатқа ұшыраған. Қасындағы жалғыз қарындасы Индира қайтыс болған. Содан жаңа туған қызын қайғыдағы ата-әжесінің көңілін ауласын деп қолдарына беріпті. Кейіпкеріміз 10 жасында туған әке-шешесі басқа адамдар екенін ауладағы балалардан білген.

Баламын. Бірақ қатарластарымның арасында беделім бар емес пе? «Сені асырап алған» деген сөз жаныма батты. Оны достарым қайдан естіп жүр? Әрине, үйінен. Үлкендер бала бар жерде не әңгіме айтып отырғанына назар аудара ма? «Әке-шешеме керек болмадым» деп өмірге өкпелі едім. Бойжеткенде жылы қабақ танытқан жігіттен әке махаббатын іздейтінмін, — деді Эльвира Ерғалина.

18 жасында тұрмысқа шығып, бір жылдан соң балалы болған. 20 жасында ажырасқан. Сонда туыстары «Тұқымымызда ажырасу болмаған. Сүйекке таңба болдың» дейді. Өсек-аяңнан қашып, қызын отбасына қалдырып, Алматыға келген. Күндіз сабаққа барып, кешке дүкенде жұмыс істеген.

Қол көтеретін жігітке шыққаным — ұят, ажырасқаным — ұят, түнімен жұмыс істейтінім — ұят. Ақшадан қысылдым. Бір адамның құшақтап, қолдау білдірген бір ауыз сөзіне зәру едім. Өмірге келуімнің өзі өліммен басталған ең бейшара сезіндім де, бұл өмірден кетейін деп шештім. Сол күні таңды көңілді бастағаныммен кешке ашынып кетіп, 4-қабаттан секіре салдым. Бірақ кете алмадым. Демек, менің Жердегі миссиям әлі аяқталмады. Өзіне қол жұмсайтындар сізге ештеңені сездірмейді. Қазір қасыңызда күліп отырып, бұрыла бере өле салуы мүмкін. Жігерімді жанып жүріп, өз еркіммен кірген «тозақтан» әрең шықтым, — деді Эльвира Ерғалина.

Оның айтуынша, адам суицидтен өлсе, өзі ғана кінәлі емес. Оған қажет кезде қолдамаған ата-ана; адам деп емес, әулетінің абыройын асқақтатушы құрал ретінде қараған туыстары; «сенің-ақ депрессияң бітпейді екен» дейтін достары; тек табысты, бақытты болуды талап ететін қоғам да кінәлі болуы мүмкін.

Эльвира Ерғалинаның ата-анасы да залда болды.

Кеше өмірімде бірінші рет Эльвираны қызым дедім. Салт-дәстүрді сақтайық. Бірақ тағдырды тәлкекке салмайық. Бұл бәрімізге сабақ болсын, — деді әкесі.

«Инноватор болғың келсе, аула сыпыр»

Мұндай идеяны Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, TEDxOrdabasySquare спикері Нұрмұхамбет Серікбаев көтерді.

Үш жыл бұрын мектепте инноваторлар тобы құрылатын болды. Топқа қосылғым келіп, ағайыма бардым. Жаңалық ашқым келетінін айттым. Бірақ идея жоқ. Мұғалім ойланып қалды. Не дер екен деп күтіп тұрмын. «Онда барып ауланы тазала» деп қолыма сыпыртқыны ұстатты, — деп бастады Нұрмахамбет Серікбаев.

Ұстаз сөзінің жаны бар еді. Әлемде жаңалық ашудың жиілігі төмендеп кеткен. Жаңалық ашу үшін алдымен табиғатты аялау керек екен. Өйткені инноватор көбіне табиғаттан көшіреді. Текстильдегі жабысқақ ілмектерді Жордж де Местраль ойлап тапқан. Инноватор итін серуендеткен сайын оған тікенектердің жабысатынын байқаған. Тікенекті үйге әкеліп, микроскоппен қараған. Содан оның ұштары орақ секілді иілген формада екенін көрген.

Нұрмұхамбет Серікбаев
Нұрмұхамбет Серікбаев. Фото: Әйгерім Бегімбет

Де Мастраль өнертапқыштардың алтын ережесін пайдаланды. «Жақсы идея көрсең, ұрла». Ақыры ұрлайды екенсің, онда талантты автордан ұрлау керек емес пе? Ол автор — табиғат. Табиғаттан көшіру ұрлық емес. Оның ғылымдағы атауы — биомикрия, — деді Нұрмахамбет Серікбаев.

Экранға көк түсті көбелек шықты. Алайда оның түсі көк емес екен. Оған түс беріп тұратын — шыршаға ұқсас қанаты. Қанатының құрылымы көк түстен басқа түсті жұтып, тек көкті шағылдырады. Бұл жаңалықты көлік шығаратын компаниялар пайдаланды. Бір тамшы да бояу тамызбай көздің жауын алатын көліктер шығара бастады.

Сөзімді осылай аяқтай салсам, «Табиғатқа ғалымдар үңілуі керек, біздің бұған қатысымыз жоқ» деп ойлауыңыз мүмкін. Олай емес. Соңғы уақытта биомикрия саласы бойынша жаңалық ашу азайып кетті. Ғалымдар шабыт алатын табиғат жойылып бара жатыр. Бір сіріңке жанып біткенше әлемде үш ағаш кесіледі. TEDx конференциясы аяқталғанша Тынық мұхитына 40 мың тонна қалдық тасталады. Табиғат адамзаттың жақсы өмір сүруіне идея беріп келеді. Бір адамның табиғатты ластамауы — ғылымға қосқан үлесі. Ұстазыма инноватор болғым келеді деп алып-ұшып барғанда «ауланы тазала» деуінің себебі — осы, — деді Нұрмұхамбет Серікбаев.

«Тілге тиек болатын емес, миға түрткі болатын өнер керек» — Мархаба Сәби

Өнер заманымен үндес, мұңдас болғанда ғана тірі, шынайы болады. Әнші, композитор Мархаба Сәбидің соңғы кезде жазылған әндері — өзінің айтуынша, қазіргі қоғамға арналған сыни көзқарасы. «Жүйе» әні — азаматтық позициясы. Спикер айтатын ойын әндерімен жеткізді.

Өзгеру керек, өзгерту керек,
Ашылып аспан, сейілсін түнек.
Қорықпау керек, қаймықпау керек
Өмір біреу-ақ, шарықтау керек! — дейді әнші «Жүйе» әнінде.

Мархаба Сәби
Мархаба Сәби. Фото: Әйгерім Бегімбет

Өзінің айтуынша, «Балабақша» әні — «Жүйенің» жалғасы.

Анда да хайп,

Мұнда да хайп.

Бағдарсыз кеме,

Бағытсыз қайық.

Емес кайф,

Емес кайф.

Қашан болады

Дұрыс life? — дейді әнші.

TEDxOrdabasySquare осындай идеялардың таралуына арқау болды. Ұйымдастырушылар конференцияны келесі жылы да өткізуді жоспарлап отыр.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!