Нұр-Сұлтанның инвестициялық дамуы талқыланды

Бұл туралы Нұр-Сұлтанның инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев пен Нұр-Сұлтанның статистика департаментінің басшысы Жорабек Дауренов айтты.

Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шарада елордаға инвесторлар тарту мен олардың қызметі туралы сенімді дерек жинау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс баяндалды.

Инвесторлармен барлық мәселе бойынша тікелей жұмыс істеу, оларды тарту және инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізуді AstanaInvest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы жүзеге асырады. Қалаға инвестиция тартудың негізгі құралдарының бірі — «Астана — жаңа қала» мен «Астана-Технополис» экономикалық аймақтары. Олар әлемде инвестиция ағынын ынталандыру құралы ретінде пайдаланылатын «еркін экономикалық аймақтар» механизміне сәйкес жұмыс істейді, — деп жазылған хабарламада.

Мемлекеттік стастистика органдары азаматтарға сапалы әрі сенімді статистикалық ақпарат беріп отыруы керек. Ерлан Бекмұрзаев пен Жорабек Дауренов осы жұмысқа байланысты бизнесмендер мен инвесторлар өздерінің қызметі туралы объективті және шынайы мәліметтер ұсынуы керегін айтып өтті.

Ұсынысында нақтылық аз немесе ұсыныс бермеген тұлғаға заңнама сәйкес айыппұл салынады. Жеке тұлғаға 10 АЕК, лауазымды тұлғаға, коммерциялық емес ұйымдар мен шағын бизнес субъектілеріне 14 АЕК, орташа кәсіпкерлік субъектілерге 20 АЕК, ірі бизнес субъектілеріне 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынбақ, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 497-бабына сәйкес, статистикалық деректерді тиісті мемлекеттік статистика органдарына тапсырмаған тұлғаға немесе орталыққа ескерту беру ісі енгізілді. Соның нәтижесінде Нұр-Сұлтанның статистика департаменті 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 236 хаттама толтырған. Хаттама бойынша деректерді тиісті мемлекеттік статистика органдарына тапсырмағандарға 4 989 400 теңге айыппұл жазылған.