Басты бетҚоғамНесиесі кешірілетіндер...

Несиесі кешірілетіндер тізіміне енбей қалу себебі айтылды

Вице-министрдің айтуынша, көпбалалы отбасылардың, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілердің, асыраушысынан айырылған отбасылардың, бала кезінен мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың,  ата-анасынан, қамқоршысынан кәмелетке толмай айырылған 29 жасқа толмаған азаматтардың несиеcі кешіріледі.

Қазіргі уақытта барлығы тізімге енгізілді. Егер тізімде жоқ болсаңыз, оған екі себеп бар. Соның бірі — көпбалалы отбасының жұбайы туралы ақпаратты және некені қию туралы мәліметті ақпараттық жүйеге енгізбеуі. Біз бұл азаматтардан Әділет министрлігінің деректер базасына тіркелуін сұраймыз. Екінші себебі — жұбайының қайтыс болғаны туралы ақпараттың деректер базасына енгізілмеуі.  Кейбір асыраушысынан айрылған адамның мәліметі азаматтық халықтық актілері туралы ақпараттық жүйеде жоқ болады. Сондықтан ол кісілерді тағы да Әділет министрлігіне жіберіп отырмыз. Егер көпбалалы отбасылардың балалары 18 жасқа толып, жоғары оқу орындарында оқып жүрсе, ол туралы мәлімет Білім министрлігінің ақпарат жүйесінде болуы тиіс. Егер болмаса, олар тізімге ілінбей қалады. Сол үшін біз отбасыларды Білім министрлігіне жіберіп, ақпаратқа дұрыс мәлімет енгізіп, толық қосымша тізім жасап жатырмыз, — деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Көпбалалы отбасы жәрдемақы алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінбеген болса және ешқандай ақпараттық жүйеде болмаса, тізімге енбей қалуы мүмкін.

ДереккөзTengrinews.kz