Көпшілігі омыртқаның әртүрлі бөліктеріндегі аурулардан зардап шегеді. Аурудың себептері омыртқаның түрлі өзгерістері, жарақаттар мен жұлын ісіктері салдарынан болады. Осы патологиялардың әрқайсысы сал ауруы мен мүгедектікке әкелуі мүмкін.

Жұлын аурулары неден пайда болады?

Адамда жұлын ауыз омыртқаның жоғарғы тұсынан басталып, 1-2-бел омыртқаларына дейін жетеді. Негізгі құрылысына тоқталсақ, 8 мойын, 12 кеуде, 5 бел, 5 сегізкөз және 1-3 құйымшақ бунақтарынан (сегменттерінен) тұрады. Ересек адамда жұлынның ұзындығы 41-45 см-дей, салмағы 26-28 г-дай, қалыңдығы 1 см-дей болады.

Жұлын ауруының пайда болу себептері көп. Біріншіден, науқастың ағзасына инфекция түскен кезде жұлын ауруына әкелуі мүмкін. Мысалы, егер ағзада тұмау асқынып кетсе, вирус қан арқылы жұлынға да таралады.

© Дарын Шөкенов

Екіншіден, дененің белгілі бір бөлігі қатты жарақаттанған кезде жұлын ауырады. Мәселен, омыртқа сынған кезде оған инфекция түсіп, жұлынның қабынуына апарып соғады. Үшіншіден, адам ағзасында қан тамырлары жарылса немесе қан жетіспеушілігі болса, жұлын ауруы пайда болады.

Негізгі белгілері қандай?

Жұлын ауруы кезінде адамда аяқ-қол бірдей істемей қалады. Сосын дененің тұтастай оң немесе сол жақ бөлігі ештеңе сезбейді. Науқаста зәр ұстай алмайтын немесе зәр шығара алмау белгісі болады.

Жұлынның ортасында сұйықтыққа толы өзек сұр заттан тұрады. Сұр зат көбелек пішінді болып келеді. Сондай-ақ, сұр заттың сыртында ақ зат болады. Жұлынның негізгі атқаратын қызметі — рефлекторлық және өткізгіштік. Яғни, ағзадағы әрбір дене мүшесінің дұрыс қызмет атқаруы үшін жұлын маңызды.

© Дарын Шөкенов

Аяқ-қол қызметінің дұрыс жұмыс істеуі жұлынға байланысты. Мәселен, мойын бөлігінің омыртқасынан кеуде омыртқасына дейін қолдың дұрыс жұмыс істеуіне қызмет етеді. Ал бел бөлігіндегі омыртқа аяқ пен дененің төменгі жағының қызмет атқаруына септігін тигізеді.

Омыртқа жарығы (грыжа) қандай жағдайда пайда болады?

Адамның жасы үлкейгенде, бір орында отырып қана жұмыс істегенде немесе ауыр көтергеннен денедегі қан дұрыс айналмайды. Мойын дискісі өте жұмсақ. Адамда белгілі бір деңгейде өзін ауырсынса, мойын дискісі қысылады. Осылайша, омыртқа жарығы пайда болады.

Омыртқа жарығы (грыжа) анемияның дамуына әкеледі. Одан бөлек, ағзада әлсіздік тудырады. Ал адамда аяқ-қол жансызданса, салдану процесі басталады. Бұл өте қауіпті.

Жиі жіберілетін қателіктер

Көпшілігі арқасы немесе мойны ауырса, «остеохандроз» деп ойлайды. Бұл — қате түсінік. Адамның мойын дискісі өзінен-өзі ауырмайды. Нерв қысылуы мүмкін. Алайда дискті ауыртып тұрған — дененің бұлшық еттері. Біз оған мән бермейміз. Мойында жарық (грыжа) болған жағдайда бұлшық ет жақсы жұмыс істесе, денеде қиындық болмайды.

© Дарын Шөкенов

Адамдар «мойындағы жарықты тездетіп емдеу керек» деп қауіптенеді. Бұл мүлде қорқынышты емес. Одан да омыртқа мен бұлшық еттің дұрыс жұмыс жасауын қадағалаған дұрыс. Сондай-ақ, дәрігерге бас ауруымен келіп жатқан науқастар өте көп. Барлығы тек басын тексертеді. Ал бас ауруының 89%-ы бұлшық еттердің дұрыс жұмыс істемеуінен болады.

Алдын алу үшін:

Біз жүйке жүйесі ауруларының басқа диагноздар секілді қашан, қанша уақытта ауыратынын алдын ала білмейміз. Бірақ мыналарды есте ұстау керек. Адам жүрген кезде омыртқамызға көп күш түседі. Мәселен, төрт аяқтап жүретін жануарлар остеохондрозбен ауырмайды. Неге? Өйткені адамның омыртқасына қарағанда жануардың омыртқасына түсетін күш аздау. Сол үшін көп қозғалу керек.

© Дарын Шөкенов

Жалпы остеохандроз кез келген адамда болады. Денеге сұйықтық өте көп мөлшерде қажет. Адам күніне шай, кофе, сорпадан басқа күніне 2 литр су ішу керек. Ағза дұрыс жұмыс істеу үшін мұның маңызы зор. Сосын таңертең жаттығу жасап, денені кез келген жағдайға дайындау керек. Бұдан бөлек, адам дұрыс отырып үйренуі керек. Жұмыс орындығы өзіне сай әрі ыңғайлы болуы тиіс. Мұның бәрі қарапайым ережелер.

 Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.