Отбасы құндылығын насихаттайтын сериалдың режиссеры — Мақсат Оспанов. Сценариін жазған — Мұрат Есжан. Бас кейіпкер Мырзаханның ролінде актер Дәурен Жұмаділов ойнайды. Бақыт ролін Майра Мақұлбекова және оның ұлы Арманның ролін Дулат Исақ сомдайды.

Режиссер Мақсат Оспановтың айтуынша, түсіру тобы қазір өзекті болып тұрған мәселені қалт жібермейді.

Әр маусымда бірнәрсені өзгертіп отыру керек деген мақсат жоқ. Тек осы 5-маусымда таксистердің өмірін көп көрсетпей, қыз-келіншектердің желідегі түрлі тренингке сеніп, соған алаңдап кететінін түсірдік. Бұл маусымда Instagram-дағы  әр нәрсеге сенгенімен соңында отбасыдан асқан дүние жоқ екенін түсіндіретін оқиға көп. Көрермен фильмдегі кейіпкерлердің жеке өмірін әрі қарай көрсеткенімізді қалайды. Соған байланысты сериалдағы Есен ағаның, Арманның өмірін қызық оқиғалармен түсірдік. «Үлкен үй» көрерменнің сүйіп көретін сериалы болған соң әр адамның пікірін ескеруге тырысамыз, — дейді режиссер.

Режиссер Мақсат Оспанов сериал кейіпкерлерімен
Режиссер Мақсат Оспанов сериал кейіпкерлерімен. Фото: «Асыл арна» телеарнасының баспасөз қызметі

«Үлкен үй» сериалының сценариі актерлардың болмысына лайықтап жазылған. Режиссердың айтуынша, картинаның шынайы шығып, көрерменге ұнайтыны осыдан.

Актерлар түсіру кезінде импровизацияны көп жасайды. Бұл — олардың сценарийді дұрыс ұққаны, бүгінгі өзекті мәселелерді байқап жүргені. Оның үстіне сценарий актерлардың мінезіне, болмысына сай жазылған. Сондықтан олар мәтінді тез жаттап алады, әзіл-қалжыңды қоса береді. Сериалдың көрерменге ұнайтын себебі де осы шығар, — дейді Мақсат Оспанов.

Сериалды бес маусым бойы Шымкентте түсірудің себебі бар.

Сериал кейіпкерлері — ауыл адамдары. Актерлар да Түркістан облысынан. Сондықтан сериалды Шымкентте түсіреміз. Оның үстіне оңтүстік — нағыз ауылдың өмірін, қара шаңырақты көрсетуге таптырмайтын өңір. Сол себепті бәрі фильмде шынайы шығады, — дейді режиссер.

Мырзахан роліндегі актер Дәурен Жұмаділов те кейіпкерінен тың дүние үйренгенін айтады.

Кейде ата-анамызға еркелегенімізді, әйеліміз бен баламызға ашуланғанымызды байқамай қаламыз. Мырзаханды ойнап жүріп, үйде өзімді жақсы ұстауға әдеттендім. Кейіпкерім кейбір нәрсені әзілмен жеткізеді. Осы тәсілді мен де қолданатын болдым. «Үлкен үйді» отбасымда балам көп көреді, үйренгені мол. Тіпті, маған айтып отырады. «Оны қайдан білесің?» десем, «Үлкен үйде» Мырзахан осылай айтты ғой» деп отырады, — дейді актер.

Дәурен Жұмаділов
Дәурен Жұмаділов. Фото: «Асыл арна» телеарнасының баспасөз қызметі

Актердың айтуынша, сериалдың ересектерге берері мол.

Өмірде көп нәрсеге өкініп, көңілімізді түсіріп жатамыз. Ал сериалда әр жүзеге аспаған істің қайыры бар екенін көрсетеді. «Үлкен үй» ауылдың иісін шығарып, дәстүрді дәріптейді, — дейді Дәурен Жұмаділов.

Кей көрермен сериалдағы актерларды үлгі етіп, өзгелерге айтып отырады екен. Демек, әр актер кез келген ортада өзін дұрыс ұстауы керек. Бұл туралы Бақыт роліндегі Майра Мақұлбекова айтты.

«Үлкен үйдің» көрерменін, әсіресе, келіншектерді көшеде кездестіріп қаламын. Оларға жұбайлары сериалды көріп отырып, «Бақыт сияқты келін болмайсың ба?» деп айтады екен. Соған қарағанда көрермен кейіпкерім Бақыттың ата-енесінің алдында орамал тағып, ұзын көйлек киіп жүретінін ұнатады. Бақыт сияқты ауылдың келінін көрермен үлгі тұтатын болған соң өмірде соған сай жүруге тырысамын. Сериалға түскелі жүріс-тұрысыма, сөзіме көп мән беретін болдым. Телеарнаның, сериалдың атына кір келтіргім келмейді, — дейді ол.

Майра Мақұлбекова
Майра Мақұлбекова. Фото: «Асыл арна» телеарнасының баспасөз қызметі

«Үлкен үй» — Арман роліндегі Дулат Исақтың алғашқы жобасы. Актердың айтуынша, алғашында оның киноға түсуден еш хабары болмаған. Уақыт өте бәрін үйреніпті.

Сериалға ең алғаш түскенде 9 жаста едім. Ол кезде маған режиссердың көмегі көп қажет болды. Қазір 13 жастамын, жылдан жылға мәтінді жаттау, ұйқастырып жіберу оңай болып жатыр. Арман — жақсы бала. Бірақ ол жақсы нәрсе істеймін деп, байқамай бүлдіріп қояды. Бірақ кемшілігін түзеп, содан сабақ алады. Ата-анам сериалды көріп, пікірін айтады. Мақтан тұтқанымен көбіне кем тұстарымды түртіп отырады, — дейді Дулат.

«Үлкен үй» сериалының актерлары Алматыға жаңа маусымның таныстырылуына арнайы келген. Сериал 9 қыркүйектен бастап «Асыл арна» телеарнасынан көрсетіледі.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!