Қасым-Жомарт Тоқаев: Жер шетелдіктерге сатылмайды

Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауы басталды. Жолдау жеке тұлғаға қарсы жасалатын ауыр қылмыстарға қатысты жазалауды қатаңдату шараларына арналып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жердің шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі Twitter-де жазды.

Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету — біздің міндетіміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, жерді жалға алу құқығын мемлекеттен тегін алғандардың көпшілігі жерді игермей отыр.

Олар жерді босқа ұстап отыр. Елде «латинфундистер» деп аталатын топ қаптап кетті. Олар не өздері жемейді, не біреуге бермейді. Пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін тартып алуға кірісетін уақыт жетті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Жолдау бүгін сағат 11.00-де Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланып, сағат 15.00-де барлық республикалық телеарнадан көрсетіледі.