Жолдас Ғұмаров 2012 жылы Ресейдің Орынбор қаласында көзін емдетпек болады. Оның айтуынша, операцияға дейін көзі қатты қызарып жүріпті. Бірақ көзіне одан өзге шағымы болмаған. Ресейлік дәрігер «операциядан кейін барлығы жақсы болады» деп сендіреді. Бірақ операция дәрігердің қатесінен сәтсіз аяқталып, зағип болады. Содан бері Жолдастың екі көзі көрмейді, бірінші топ мүгедегі.
12 мүшесі сау әрі жүгіріп жүрген адамға бұл өте ауыр соққы болды. Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай, күйзеліп кеттім. Бірақ бірден өзімді қолға алдым. Өйткені мені мойымауға кіші қызым үйретті. Ол мені әрдайым қолдады, тілеулес болды. Бір күні қызым жылап отыр. Не болғанын сұрасам, интернеттен он күннен бері көз ампутациясын жасайтын дәрігер таппай отырғанын айтты. Оны не себепті іздегенін сұрадым, «Сізге бір көзімді бергім келеді» деп жауап берді. Басыма түскен жағдайға көне алмай жүрген кезім еді, қызыммен бірге менде жыладым. «Ештеңеге өкінбе, ренжіме. Мен әрі қарай жұмыс істеймін, тоқтап қалмаймын» деп өзіммен бірге қызымды да жұбаттым. Осылай отбасымның арқасында бірден өзімді қолға алдым, — дейді ол.
Жолдас операцияны дұрыс жасамаған дәрігердің соңына түсіп, оны кінәламады. Өйткені Атырау мен Орынбордың арасында жүруге мүмкіндігі болмаған. Кейін ол операцияны жасаған дәрігердің жұмыстан шыққанын біледі.
Әйелім де — дәрігер. Ол «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», ешкім дәрігерді кінәлі етпейді. «Алланың сынағы ғой, басыңа түскенді көтер» деді. Қанша эмоцияны бастан кешірдім. Өзімді өлген адамдай сезіндім. Бірақ кезінде спортпен айналысқанымның арқасында шығар, бәріне шыдадым. Осындай ауыр кезеңнен шығуыма отбасыма деген махаббатым да көмектесті, — дейді өзі.
Жолдас басқа зағип жандармен кездесіп, олардың қалай өмір сүріп жатқанын сұрастырады. Оның айтуынша, Атырауда зағиптар көп. Жолдасқа олардың басын біріктіріп, қоғамдық бірлестік ашу туралы ой келді.
Өйткені Атырауда болсын, еліміздің басқа қаласында болсын, мүгедектердің құқығы ескерілмейді, оларды адам қатарынан шығарып тастайды. Ашығын айтқанда, үй-күйі жоқ, көшедегі қаңғыбас сияқты өмір сүреді. Кез келген мекеме мүгедектің арыз-шағымын оп-оңай қабылдамай қояды. Сол себепті 2012 жылдың қазанында «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігін құрдық, қазір оған 67 адам мүше. Қуанышымызды да, қайғымызды да осы адамдармен бірге бөлісеміз. Проблемаларды бірге талқылаймыз, — дейді ол.
Жолдас мемлекеттік органдарға үш жыл шағымданып, бірлестік мүшелері жиналатын екі бөлмелі пәтер алады. Бірақ оның жарығы, суы және басқа да коммунал қызметтері бар. Оны төлеудің өзі бірлестік мүшелеріне мұң болады.
Алғашқы айдың шығынын бәріміз жинап төледік, кейін өзімнің зейнетақымнан өтедім. Сосын бұлай болмайтынын түсініп, қызыммен бірге Атыраудағы сауда орталықтарын аралап, қандай кәсіп бастауға болатынын зерттедік. Кәсіппен айналысып, бірлестіктің шығынын жауып отырсақ деген ой болды. Өйткені бірлестік мүшелерінен ай сайын ақша жинай алмаймыз. Қаладағы сауда орталығындағы жағдаймен танысып, жартылай дайын өнімдерді шығару туралы ойға келдік, — дейді ол.
Жолдас Ғұмаровтың айтуынша, қазір цехтың жағдайы жаман емес. Олар жартылай дайын фабрикаттың 14 түрін шығарады. Цехта сегіз адам жұмыс істейді. Оның ішінде төрт мүгедек бар. Қалғаны — жалғызбасты, көпбалалы аналар. Бәрі осы цехта жұмыс істеп, отбасын асырап отыр.
Цехтың жұмысын 30 мың теңгемен бастадық. Қазір оның бір жылдағы пайдасы 6 000 000-ға жетті. Мемлекеттен бір теңге де сұраған жоқпыз, кредит те алмадық. Біреуден көмек күтуді, шағымданып отыра бергім келмейді. Сондықтан қолда бар нәрсенің қадірін біліп, жұмыс істеп жатырмыз. Тамақ таситын жеке көлігіміз жоқ. Тапқан табысымыздың көбі таксиге кетіп жатыр. Мұздатқышымыз да болмаған, қазір оны да жалға алып отырмыз. Осылай жұмыс істеп жатырмыз, — дейді өзі.
Жолдас болашақта цехтың жұмысын кеңейткісі келеді. Мүмкіндік болса, торт, кекс сияқты тәтті тағамдарды дайындап, шығаруды қолға алады. Бірақ ол үшін станок қажет екен. Оны сатып алуға қаржы жинап, мемлекеттік конкурстарға да өтініш беріпті.
Облыстағы қалталы кәсіпкерлер бізге көмектескісі келеді. Әр компанияның әлеуметтік жобасы бар. Бірақ оған да әкімдік араласады. Кәсіпкерлер әкімдіктің рұқсатымен ғана ақша береді. Ал әкімдік мектеп, аурухана салу керек деп, мұндай жобаларға қаржы бөлмейді. Әрине, мектеп, аурухана салу дұрыс, оны керек емес дей алмаймын. Тек мақсатсыз жұмсалмаса екен деймін, — дейді Жолдас Ғұмаров.
Жолдас Ғұмаровтың әр уақыты есептеулі. Өйткені жұмыс шаш етектен. Күн сайын жұмысы таңғы 07.30-дан басталады.
«Самұрық-Қазынаның» байқауына қатысып, 500 000 теңге ұтып алдық. Оған аудиостудия аштық. Студияда зағиптарға 200 кітаптың аудио нұсқасын дайындадық. Облыстағы кітапханаларға тегін тараттық. Мемлекет бірінші топ мүгедектеріне аудио тыңдайтын құрылғы береді. Соған салып, кез келген уақытта тыңдай алады. 2019 жылдың қазан айында облысқа аты белгілі артистердің басын қосып, қайырымдылық концертін өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда облыстық филармонияға алғысымды жеткізім келеді. Филармонияның ұжымы бізге әрдайым қолдау көрсетеді, — дейді ол.
Жолдас Ғұмаровтың жұбайы, екі қызы және ұлы бар. Үлкен қызы Ресейде, ұлы Атырауда тұрады, ал кіші қызы Оралда оқиды.
Өмір өтіп жатыр. Ата-анам не жесең де, не тапсаң да адал еңбекпен тап деп үйретті. Еш уақытта ешкімнен ештеңе ұрлама деп тәрбиеледі. Анам өмірден өтерінде «Айналайын, қазаның ортаймасын. Отбасыңа ие бол, шаңырағың шайқалмасын» деп өсиет айтты, — дейді өзі.
Атырауда зағиптарға ешқандай жағдай жасалмаған. Облыстағы мемлекеттік органдардың кей қызметкері зағиптардың сауатсыздығын пайдаланып, олардың құқығын таптайды. Мұны Жолдас Ғұмаровтың өзі айтты.
Зағиптардың көбінің туғаннан екі көзі көрмейді. Кейде олар «Аспанның қандай екенін көрген жоқпын», «Тәуелсіздік алдық, Туымыздың қандай екенін білмеймін», «Балам туды, оның кімге ұқсайтынын елестете алмаймын» деп көңілі босап, жылап жатады. Кейде осындай әңгімелерді естіп, шүкір деймін. Облыстағы кей басшылар зағиптардың сауатсыздығын пайдаланып, оларды қоғамнан шеттетіп жатады. Атырауда зағиптарға ешқандай жағдай жасалмаған. Көшеде жалғыз жүру мүмкін емес. Қалада сөйлейтін бағдаршам жоқ. Қоғамдық көлікпен жүруге тура келеді. Автобустарда да аялдаманы хабарлап отыратын бағдарлама жоқ. Сосын әр аялдама сайын қайда келгенімізді сұрап, әлек боламыз. Екі көзімнен айырылмай тұрып, зағип болмай тұрып жұмыс сапарымен Қазақстанның көп қаласында болдым. Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен қалаларда зағиптар үшін қоғамдық көліктерде, көшеде де жүру ыңғайлы екенін кейін білдім. Мемлекеттік органдарға қанша рет шағым айттық, бірақ ешқандай нәтиже жоқ, — дейді ол.