Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия Президенттің жастар кадр резервін қалыптастыру мақсатында құрылады.
Ұлттық комиссияның міндеттері: резервті қалыптастыру бойынша жұмысты жалпы үйлестіру, резервке алу туралы мәселелерді шешу, резервті қалыптастыру мәселелері бойынша Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ету, — делінген Президенттің жарлығында.
Сонымен бірге ұлттық комиссияға мынадай функциялар жүктеліп отыр:
- Резервке алуға ұсынылған кандидаттарды қарау;
- Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан ақпарат сұрату және алу;
- Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау.
Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрамына: ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, комиссия төрағасы, ҚР Президенті кеңсесінің бастығы, комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының өңірлік саясат мәселелеріне жетекшілік етуші орынбасары, комиссия мүшесі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, комиссияның хатшысы кіреді.
Президенттің жастар кадр резервіне кімдер алынады?
Резервке 35 жастан аспаған, жоғарғы білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы алынуы мүмкін. Қазақстан Президенті тағайындаған мемлекеттік қызметшілер резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.
Резервке алынған адамдар мынадай лауазымдар топтарына орналаса алады:
Салалық лауазымдардың тобы: Қазақстан Республикасының министрлері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астана әкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары; орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары; ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары және мүшелері.
Салалық лауазымдардың тобы қызметтің мынадай бағыттарын қамтиды: экономика және қаржы саясаты; әлеуметтік саясат; инфрақұрылымды және сервис салаларын, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғауды дамыту; сыртқы және ішкі саясат; құқықтық саясат.
Өңірлік лауазымдардың тобы: облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері; облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері.
Басқарушылық лауазымдардың тобы: орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары; ҚР Конституциялық кеңесі, Президентінің Іс басқармасы, ҚР Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппараттарының басшылары, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (ҚР Жоғарғы соты аппаратының) басшысы; ҚР Жоғары сот кеңесінің хатшысы — аппарат басшысы; жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдар аппараттарының басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астана әкімдері аппараттарының басшылары.
Осы тармақта аталған лауазымдарға резервке алынған адамдар, сонымен бірге Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен өзге де адамдар тағайындала алады, — делінген Президент жарлығында.
Резервке алыну процесі қандай кезеңдерден тұрады?
Резервке іріктеу бірнеше дәйекті кезеңді қамтиды:
- резервке іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
- кандидаттардың құжаттарын қабылдау;
- кандидаттардың теориялық білімін тестілеу;
- кандидаттардың көшбасшылық қасиеттерін, сыни ойлауын, стратегиялық көзқарасын, мотивациясы мен құндылықтарын бағалау (эссе жазу, жобаларды таныстыру, интервьюден өту және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын бағалаудың басқа құралдары);
- резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу;
- сарапшылық комиссия резервке алуға ұсынған кандидаттарды ұлттық комиссияның отырысында қарау.
Резервке іріктеудің кезеңдері ақпарат жүйелерін қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін. Бұл кезеңдерді өткізу мерзімін ұлттық комиссия айқындайды. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа ресурстарда жарияланады, — делінген Президент қол қойған құжатта.
Хабарландыру осы қағидаларда айқындалған резервке іріктеудің тәртібі туралы ақпаратты, құжаттарды тапсыру мерзімін қамтиды.
Үміткерлерден қандай құжат талап етіледі?
Іріктеуге қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
- жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- білім туралы құжаттың көшірмесі;
- еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі.
Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде оның дербес деректері, білімі мен жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер, резервке алынған жағдайда кандидат үміттенетін лауазымдар тобы, осы қағидадағы салалық бағыт көрсетіледі.
Құжаттарға мына адамдардың біреуінен ұсынымхат қоса беріледі:
- кандидат жұмыс істейтін немесе жұмыс істеген ұйымның басшысынан;
- ұлттық компанияның, ұлттық холдингтің, ұлттық даму институтының басқарма төрағасынан немесе оның орынбасарынан;
- мемлекеттік саяси қызметшіден;
- орталық атқарушы органның жауапты хатшысынан, орталық немесе жергілікті мемлекеттік органның аппарат басшысынан;
- ҚР Сенатының, Мәжілісінің депутатынан, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихат хатшысынан.
Құжаттарды тапсырған кезде кандидат резервке іріктеуден өтудің тәртібімен танысады, іріктеудің шарттарын қатаң сақтау және өзі көрсеткен мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз ету туралы міндеттеме алады.
Тестілеудің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже жинаған кандидаттар резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі. Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберілетін, ең жоғарғы нәтижесі бар кандидаттардың шекті санын ұлттық комиссия айқындайды.
Бағалау кезеңінде кандидаттарды бағалау үшін уәкілетті орган салалық топтарды құрады. Шешімдерді қабылдаудың айқындығын қамтамасыз ету үшін барлық кандидатты бағалау кезеңінде қоғам өкілдері тартылуы мүмкін. Бағалау кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғарғы нәтиже алған кандидаттар сарапшылық комиссияға әңгімелесуге жіберіледі. Сарапшылық кеңеске әңгімелесуге жіберілетін, ең жоғарғы нәтижесі бар кандидаттардың шекті санын ұлттық комиссия айқындайды. Сарапшылық комиссияның құрамын Президент Әкімшілігі айқындайды.
Сарапшылық комиссия әңгімелесудің қорытындысы бойынша іріктеудің алдыңғы кезеңдерінің нәтижесін ескере отырып, ашық дауыс беру арқылы резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасайды және ұлттық комиссияның қарауына жолдайды.
Ұлттық комиссия кімдерді резервке алудан бас тартады?
Кандидаттарды іріктеуге қатыстырудан бас тартуға мына жағдайлар себеп болады:
- кандидаттың көрiнеу жалған мәліметті және құжаттарды беруі;
- кандидаттардың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес еместігі.
Ұлттық комиссия іріктелген кандидаттарды бес жыл мерзімге резервке алу туралы шешім шығарады. Ұлттық комиссияның шешімі бойынша резервке алынған адамдар бөлінген қаражат шегінде Президент жанындағы білім беру ұйымының білім беру бағдарламалары бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өте алады.