Бірлестік өкілдерінің хабарлауынша, эксперимент бойынша бойжеткен көшеде өтіп бара жатқан адамдарға хот-дог, бургер, шоколадты батончик өнімдерінің дәмін татып көруді ұсынады. Әр өнімнің бетіне астың зияны туралы ақпарат көрсетілген бирка бекітілген.

Азаматтар қандай тағамдар денсаулыққа зиян екенін біле ме?

Экспериментке қатысқан 30 адамның 28-і зияны туралы ақпаратына қарамастан бургерді жеуге дайын болды. Екі адам тамақты кері қайтарды.

«Аман-саулық» бірлестігінің мәліметінше, әлемде 2,1 миллиардтан астам адам семіздік пен артық салмақтан зардап шегеді. Ал Қазақстанда семіздікке халықтың 20%-і шалдыққан. Дененің артық салмағы орташа есеппен әйелдердің 30,6%-іне, ерлердің 36,8%-іне тән. Семіздік диагнозы Қазақстан әйелдерінің 27,6%-іне және ерлердің 15,9%-іне қойылған.

Өткізілген эксперименттің мақсаты — қатардағы алматылықтардың зиянды тамақтан қаншалықты бас тартуға дайын екенін анықтау. Өкінішке қарай, ол адамдардың дұрыс тамақтану принциптерін ұстамайтынын және зиянды тамақтан бас тартпайтынын көрсетті. Әрбір адам денсаулығы үшін жауапты. Біз іске асырып жатқан зиянды төмендету тұжырымдамасы әр адамның артық салмақ пен семіздіктен туындайтын аурулардың қаупін азайтуына көмектеседі, — дейді дәрігер, қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі сарапшы, «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменова.

Қазақстан азаматтарының тамақтану әдетін қалай өзгертуге болады?

Бақыт Түменованың айтуынша, ең әуелі халықты ақпараттандыру қажет және адамдардың зиянсыз тағам жеуіне жағдай жасап, ағзаға пайдалы тағамдар ассортиментін кеңейту керек.

Алдағы уақытта семіздік проблемасы елдің жас ұрпағы үшін әлеуметтік қауіп төндірмеуі үшін халық арасында тамақтанудың салауатты әдетін қалыптастыру жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеп, қолданысқа енгізу қажет, — дейді қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі маман.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті миллиондаған адамды қамтитын жаһандық індет деп біледі. Дененің артық салмағы мен семіздік әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің арасында 5-орында тұр. Артық салмақ семіздік атеросклероз, гипертония, инфаркт, инсульт, қант диабеті, асқазан-ішек патологиясы, артрит, репродукция функциясының бұзылуы және басқа да көп аурудың дендеуіне себеп болады. «Аман-саулық» қоры өкілдерінің мәліметінше, қазір балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздіктің таралу үрдісі қатты алаңдатып отыр. Бүгінде бұл көрсеткіш 1970 жылға қарағанда 10 есе жоғары.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Steph Werning)