73 жастағы қария Алматы-Астана арасын велосипедпен жүріп өтті

Еңбек жолын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде өткізген ардагер жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап келеді. Ерекше сапарға ардагерді әріптестері, достары мен немерелері шығарып салған. Бұл эстафетасын қария ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады.

«Жол бойы арнайы алып шыққан құрт пен ірімшікті жедім. Құрт менің шөлімді басып, күш берді. Ол – кальций көзі. Дәрігерлер дәрілерді дайындады, бірақ, мен ішпедім», — дейді қария.

Әбілтай Шайховтың айтуынша, ірі қалалар оны жылы қарсы алыпты. Ал Астанада жаңбырға қарамастан, елордалықтар еліміздің бас алаңында күтіп алған.

«Жолда неше түрлі тосынсый болды. Жамбыл облысына барар жолда күш құрылымдарының бес полковнигі велосипедпен алдымнан шықты. 200 км бірге жүрдік. Негізінде, велосипед айдауды үш күнде үйрендім. Мамандар маған жүргізуді, отыруды және бастысы – дем алуды үйретті», — дейді Әбілтай Шайхов.

Екі апта жуық уақыт бұрын жолға шыққан қария Әбілтай Шайхов бұған дейін БАҚ берген сұхбатында күніне 100 рет кеудені жерден көтеру жаттығуын жасап, 20 шақырым жүгіретіндігін жеткізген.

ДереккөзХабар24