Еліміз Паралимпиаданы тұңғыш рет тікелей трансляциялауы мүмкін

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, атап айтқанда, Ойындар қарсаңындағы және оның барысындағы ынтымақтастық туралы құжатқа осы ведомствоның вице-министрі Нұргүл Мәуберлинова, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков және Ұлттық Паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов қол қойды.

Үш тарап арасындағы ынтымақтастықтың мақсаты — Токио Олимпиадасы мен Токио Паралимпиадасы қарсаңында және олардың барысында Олимпиада және Паралимпиада қағидаттарын кең насихаттау.

Олимпиада — бұл жаһандық мереке. Ол, әрине, спортты және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосып қана қоймайды, сонымен қатар Олимпиада трибунасына көтерілген спортшылардың еліне имидж дивидендтерін береді. Отанымыздың спортшылары бүкіл әлемді мойындатқан кездер, Қазақстан туралы үлкен құрметпен жазылған даңқты жазбалар әлі есімізде. Сондықтан біздің министрлік спортшыларымыздың ойындарын ақпараттық қамтамасыз етуге және олардың Олимпиада лицензиялары үшін күресуіне әрдайым өз үлесін қосады, — деді Нұргүл Мәуберлинова.

Сәкен Мұсайбеков Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен ақпараттық қолдау туралы меморандумға қол қойылғанына қуанышты екенін айтты.

Бір жылдан кейін Токиода Жазғы Олимпиада басталады. Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың тапсырмасы бойынша қазір Олимпиадаға қызу дайындық жүріп жатыр. Спортшыларымыз лицензия алу үшін барын салып жатыр. Олардың жарыстарға қатысып, жолдамаларға таласуын халыққа жеткізу маңызды, — деді Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы.

Ұлттық Паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов те ақпарат саласын реттеуші мемлекеттік органға Қазақстандағы Паралимпиада қозғалысын насихаттаудағы үлесі үшін алғыс білдірді.

Мұндай бірлескен жоба алғаш рет жүзеге асырылып отыр және осындай дәрежедегі жобаға Ұлттық Паралимпиада комитетінің шақырылғанына қуаныштымыз. Токиода өтетін Паралимпиаданың теледидар трансляциясы болатынына үміттенеміз, себебі еліміздің тарихында мұндай трансляция бұрын-соңды болған емес, — деді Ерлан Сүлейменов.