Астанадағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін спорт қолжетімді болады

Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы Астанада өз жұмысын осы жылы бастады. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол тек паралимпия спортшылары үшін ғана емес, дене шынықтырумен, спортпен айналысқысы келетін барлық мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де ашық болады.

Тиісті меморандумға мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында «Каспий» спортты дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Қазбек Қапанов пен Астананың қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғали Исқалиев қол қойды.

Астана әкімдігінің қолдауының арқасында бұл орталықтың 2019 жылдың 1 қаңтарында  «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін паралимпиадалық жаттықтыру орталығы» мен «Тарлан» мұз аренасының қызметін ұйымдастыру» жобасының шеңберінде қаладағы барлық зағиптарды қарсы алуға толық дайын екенін хабарлаймыз, — деді ҚР Ұлттық паралимпия комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов.

Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы
Фото: Астана әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Астанада 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың жартысына жуығы – 1, 2-топтағы мүгедектер. Соның ішінде тек 300-ге жуығы «Жігер» орталығында жаттығады.

Бұл, әрине өте аз. Бірақ аталған көрсеткіш артады деген ойдамыз. 2019 жылдан бастап қаладағы барлық мүгедектер тәжірибелі және оқытылған жаттықтырушылардың жетекшілігімен  спорттың оннан астам түрімен айналысатын болады», — деді ол.

Жоба ұйымдастырушыларының жүргізген зерттеулеріне сәйкес, астаналық  мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың арасында спорттық жаттығулар үлкен сұранысқа ие болады. Паралимпиадалық жаттықтыру орталығының күніне 780 адамды қабылдайтын қауқары бар.