Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кім болды?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жаңа басшы тағайындалды. Ол — Біржан Нұрымбетов.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Біржан Нұрымбетовті Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Біржан Бидайбекұлы Нұрымбетов Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалсын, — делінген құжатта.

Біржан Нұрымбетов 1968 жылы Жамбыл облысында туған. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген.

Еңбек жолын Жамбыл салық инспекциясы бөлімінің қызметкері болып бастаған. Жамбыл облысы әкімдігінде, Жамбыл облысы зейнетақы төлеу жөніндегі орталығында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінде жұмыс істеді. 2009-2012 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 2012-2015 жылдары ҚР Премьер-министрі кеңсесі басшысының орынбасары, 2015-2017 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары болды.

Еске салайық, бұған дейін Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылып, ҚР Премьер-министрінің орынбасары лауазымына тағайындалған еді. Премьер-министрдің орынбасары болған Гүлшара Әбдіқалықова Мәжіліс депутаты болды.