— Ата-ене мен келін не күйеу бала арасындағы келіспеушілік кейде бітіспес жеккөрінішке ұласып жатады, екі тараптың бір-бірін жатсынуына не себеп болады?

— Ата-енелердің «Келінім мен күйеу балам мынандай болса екен» деп өздеріне ұнайтын образды алдын ала қалыптастырып алатыны бар. Оның үстіне, үлкендер үшін «Өзіміз жақтан, өзіміздікі» деген түсініктің ролі өте жоғары. Сондықтан келіні я күйеу баласы өзге аймақтан, салт-дәстүрі өзгеше жерден келсе, жатсынады. Бұл — алғашқы кездегі жатсыну.

Бірнеше жылдан кейін де ата-ененің келінмен немесе жігіттің қайын жұртпен арасы жақын болмаса, бұл — сол ерлі-зайыптының әрқайсы өз туыстарын, яғни екіжақты тығыз қарым-қатынасқа итермелемейді, келіншек күйеуінің немесе күйеуі әйелінің жақсы тұстарын ата-анасына айтып отырмайды, ер адам әйелін немесе әйел адам ерін ата-анасымен татуластырмайды, жағымды әсер қалдыратын әңгіме айтпайды деген сөз.

Қыздың я ұлдың ата-анасына айтатын әңгімесіне қарай ата-ененің келін мен күйеу баланы қабылдауы өзгереді. Танысқан күннен бастап ата-ененің келін мен күйеу баланы жатсынбауы ұл-қыздарының олар туралы ақпаратты қалай жеткізуіне байланысты.

Ерлі-зайыптының бір-біріне ата-аналары туралы көп айтпауы, оларды дұрыстап таныстырмауы да екі жақтың жақын болуына кедергі келтіреді. Келіні мен күйеу баласын жатсынатын ата-аналарда оларға деген реніш немесе өкпе, басқа да жағымсыз ойдың барын байқаймын. Бұл орайда қыз бен жігіттің үйленбей тұрған кезде ата-аналары туралы қандай көзқараста болғаны маңызды деп есептеймін.

Егер адам ата-анасы туралы сөз болғанда оларға деген бала кездегі ренішін, жағымсыз оқиғаны немесе олардың қатаң мінезін айтқан болса, болашақ жарымен танысып, бірге тұрған күнде де екінші тарап оны дәл сол көзқараспен қабылдайды. Жұбайлардың бірінің бейсанасында «демек, ол әкесі мен анасын сыйламайды, оларға өкпелі, ата-анасы баласына жақын болмаған, онда мен оларды қалай құрметтеймін?» деген ой қалыптасады.

— Келін мен күйеу баланы жатсынбау үшін ата-енеге алдын ала психологиялық дайындық керек пе?

— Үйленбей тұрып қыз да, жігіт те білуге тиіс ортақ ақпарат бар. Сол ақпарат дұрыс жеткізілген болса, білуге тиіс нәрседен екі жақ та хабардар болса, ешқандай жатсыну болмайды. Алдын ала дайындықтың қажеті жоқ. Психологиялық дайындық деп айтсам, адамдар дұрыс түсінбеуі, үркіп қалуы мүмкін. Оның орнына екі жаққа да қатысты маңызды ақпарат дұрыс жеткізілуі керек деп айтсам, бұл ойымды оңай түсінуі мүмкін. Екі жас үйленбей тұрып «Өмірде қандай құндылықтарымыз сәйкес келді? Алдағы жылдары өмірімізді қалай елестетеміз?» деген сұраққа жауап табуы керек. Үйленбес бұрын екеуінде «Бір-біріміздің жоғымызды қалай толтырамыз» деген емес, «Ішкі ресурсымды жарыммен қалай бөлісемін?» деген жағымды ой болғаны дұрыс. Сол кезде қарым-қатынас та екеуінің ортақ құндылығына сай қалыптасады.

Екі жас қай ақпаратты ата-анаға айтпау керек екенін, қай мәлімет екеуіне ғана ортақ екенін анықтап алғаны жөн. Сонда олар отбасының өмірін белгілі бір шекара арқылы қорғай алады. Сонда ғана келін күйеуінің туыстарын, күйеуі қайын жұртын өмірлік жарымның отбасы, туыстары деп құрметтейді. «Олар мені сыйласын» деп емес, «мен оларды сыйлайын» деп икемделген дұрыс. Осы нәрсенің бәрін екі жас та, ата-ана да ескерсе, жатсыну болмайды. Бұл айтылғандар көбіне келін мен ата-енеге байланысты. Себебі келін көбіне ата-енесімен бірге тұрады, ал күйеу бала қайын жұртын анда-санда көруі мүмкін.

Серікгүл Сәли
Серікгүл Сәли. Фото жеке архивінен

— «Өз қызымдай көремін», «Өз ұлымдайсың» деген түсінік бар. Адам шын мәнінде өзгені өз баласындай қабылдай ала ма?

— Осы түсініктің астарында су астындағы бөгет сияқты нәрсе бар. Қыз бен келіннің, ұл мен күйеу баланың орны бөлек, оларды бір-бірімен салыстыруға келмейді. Сондықтан адам мұндай сөзді айтқанымен келінін қызындай, күйеу баласын ұлындай көре алмайды. «Қызымдай көремін, ұлымдайсың» деген сөзді келініне бауыр басып, жақсы көретін енелер айтса керек. Ене қанша өз қызымдай көремін десе де, келін өз орнында болады. Мысалы, анасы мен қызы ренжісіп қалса, анасы қызының еркелігіне көнуі мүмкін. Бірақ ене келінінің ондай қылығын көтере бермейді. Сонымен қатар «Келіннен ұят болады» деген түсінік бар. Ата-ене үйде қызының көзінше белгілі бір жайттарды айта беруі, керісінше, келіннің алдында ондай әңгімені көп қозғамауы мүмкін.

— Ата-ене мен келін не күйеу бала арасында ұрыс-керіс болмауы үшін не істеу керек? Психолог ретінде қандай кеңес бересіз?

— Адамның ойы алдын ала біржақты болса, сол жерде проблема болады. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрғандықтан адамдардың қарым-қатынасы да татулық пен реніштен тұрады, алма-кезек ауысып отырады. Тек осылардың шекарасын білу керек. Реніш кезінде оның себебін қабылдап, дер кезінде шешуге тырысу қажет. Себебі үнемі ренжісіп өмір сүру екі жақ үшін де тиімсіз, адамға өкпені іште сақтау да зиян.

Ұрыс-керіс барлығында болады, оның артында жаймашуақ күн бар. Сол күнді тудыратын да, қара бұлтты төндіретін де — адамның өзі, басқа біреу емес.

— Баласын келінінен бөлектейтін енелер кездеседі. Бұған не себеп, мұндай мәселені қалай шешу керек?

— Баласын бірінші орынға қоятын әйелдер оны келінінен қызғанады. Кез келген әйел үшін бірінші орында оның жұбайы болуы керек, ұл-қыздарының әкесіне бар назарын аударуы қажет. Сол кезде әйел өзін бақытты сезінеді және ұлының жеке өмірі болатынын, келіні үшін оның бірінші орында екенін түсінеді. Осы бір шекараны білмейтін аналар балаларын келінінен қызғанады.

Өмір ана мен баладан емес, ер мен әйелден басталып, солай жалғасады. Сондықтан әйелдер қауымы бірінші орынға ер азаматын қойғаны дұрыс. Ер мен әйел жақсы қарым-қатынас құрса, толыққанды отбасы бола алады, артынан балалары ереді, кейін ұлы мен келінінен ұрпақ жалғасады.