Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ақпаратын талдау нәтижесінде осындай қорытынды жасады.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстан халқы биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан бері 112 мың адамға көбейіп, 18,5 миллионнан асқан.

Сонымен бірге қазір урбанизация белсенді жалғасып жатыр. Бірінші жартыжылдықта 112 мың тұрғынның ішінде қалалардың үлесі 74,3% болды (2019 жылдың басында 58,2% болған). Ауылдық жерлердегі халықтың саны бар-жоғы 29 мың адамға өсті, бұл төмен көрсеткіш тұрғындардың ауылдардан кетуіне байланысты. Жыл басынан бері ауылдық аумақтардан көші-қонның теріс сальдосы 23 мың, ал табиғи өсім 52 мың адам болды.

Қазіргі уақытта республика халқының 22%-і Алматыда, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте тұрады. Егер оларға іргелес жатқан облыстарды (Алматы, Ақмола және Түркістан) қоссақ, онда бұл көрсеткіш 47,5%-ке дейін артады.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметі бойынша туу және өлім-жітім көрсеткіштері 2018 жылғы деңгейде сақталса және көші-қон ағындары соңғы 5 жылдың орташа мәнінде сақталса Қазақстан халқының орташа жылдық саны 2027 жылға қарай 20 миллион адамнан асады, ал 2050 жылға қарай 24,5 миллион адамға жетеді.

Осы жағдайларда 2050 жылға қарай Нұр-Сұлтан тұрғындарының саны 3,1 милионнан асады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 194% өсімге сәйкес келеді және ең ірі мегаполис — Алматыға жақындай түседі. 30 жылдан соң осы қала тұрғындарының саны 3,3 миллионға жетіп, өсім 82% болады. Үшінші мегаполис — Шымкенттегі халық саны 2050 жылға таман 2,6 миллион адамға немесе 167%-ке дейін өседі, — дейді ЕРДО еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Сарапшы республика өңірлері арасында мұнай өндіретін аймақтарда халық саны артқалы отырғанын айтты. 2050 жылға қарай Маңғыстау облысында шамамен 1 миллион 360 мың адам (2018 жылы 669,3 мың адам), Атырауда 1,1 миллион адам (2018 жылы 627,2 мың адам) тұрады деген болжам бар.

Алайда халықтың өсуі біркелкі емес. 2050 жылға қарай бес облыстың (Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан) халқы бүтіндей есептегенде 1,3 миллион адамға немесе 2018 жылмен салыстырғанда 24% қысқаруы мүмкін. Бірінші жартыжылдықтың өзінде аталған өңірлердің халқы 8,3 мың адамға азайған, ал кеткен адамдардың саны келгендерден 21,4 мыңға артық. Егер көші-қон құрылымында 20-30 жас аралығындағы адамдар басым болатынын ескерсек, табиғи өсу деңгейінің төмендеуіне байланысты адам санының азаюы бұдан да жылдамдай түсуі ықтимал, — дейді Дмитрий Шумеков.

Орталық маманының айтуынша, 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басындағы бала туу деңгейінің төмендеуіне байланысты алдағы уақытта 20-29 жас аралығындағы әйелдер саны айтарлықтай азаяды. Егер 2018 жылы олардың саны 1,4 миллион адам болса, 2025 жылға қарай көрсеткіш 1,1 миллион адамға дейін азаяды деп болжанып отыр. Нәтижесінде халық санының бала туу есебінен өсуі баяулайды, бірақ бұл үрдіс тоқтамайды.

Мамандар бұл болжамның ретроспективаға негізделгенін және бірқатар факторға байланысты орындалмауы мүмкін екенін ескертеді.