Басты бетЖаңалықтарПрезидент мұғалімдер...

Президент мұғалімдер жалақысын 2 есе көбейтуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын 2 есе көбейтуді тапсырды. Бұл туралы ол Нұр-Сұлтанда педагогтардың тамыз мәслихатында айтты.

Мұғалімдердің жалақысы төмен күйінде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақы мөлшерінің 65%-іне тең. Үкіметке алдағы 4 жылда мұғалімдер жалақысын 2 есе көбейтуді тапсырамын, — деді Президент (Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін Ақорданың баспасөз қызметі Twitter-де жариялады).

Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтардың мәртебесін арттыру туралы да айтты.

Педагог мәртебесі туралы заң жобасында ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Олар: мұғалімдердің жұмыс жүктемесін қысқарту, олардың беделінің сақталуына кепіл беру, материалдық жағынан ынталандыру. Соның ішінде класс жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе көп ақы төлеу, педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге дейін көбейту, магистр деңгейі үшін қосымша төлем төлеу және басқа да ынталандыру шаралары бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» туралы айтты. Оның пікірінше, бұл бағдарламаның жобасын халықпен кеңесіп, кеңінен талқылау қажет.

Педагогика саласы қызметкерлерінің жыл сайынғы республикалық тамыз мәслихатына Қазақстанның 2 мыңнан астам мұғалімі қатысып жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру саласының реформалары мен өзекті мәселелері Президенттің қатысуымен талқыланады.