Басты бетАлдағы екі...

Алдағы екі жыл ішінде Қазақстанда 100 спорт кешені салынады

Қазақстан бойынша спорт инфрақұрылымына зәру аумақтарда 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Оның 20-дан астамы биыл салынып бітеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында мәлімдеді.

Жергілікті әкімдіктермен бірге 2019 жылы салынатын жобалар тізімі нақтыланды. Биыл 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2020 жылы 34, 2021 жылы 44 нысан салынады, — деді министр.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, аймақтарда дене-шынықтыру сауықтыру кешендерінің 100, 160 және 320 орындық типтік жобалары қарастырылған. Олар жергілікті бюджет пен демеушілер қаражаты есебінен салынады.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, елімізде мектеп оқушыларының спортпен айналысуына бизнес белсенді демеушілік жасап отыр. Мысалы, «Қазақмыс» АҚ Жезқазғанда спорт инфрақұрылымдарын салумен, күрделі жөндеумен, спорт құрал-жабдықтарын сатып алумен айналысып, Сәтбаевтағы кеншілердің балаларын спортқа баулуға бағытталған «Намыс» жобасын іске асырып жатыр.

Министрдің мәліметінше, республиканың 131 жоғары оқу орнында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциясы ашылған. Оларда 177 мың студент спортпен айналысады, бұл — жалпы студенттер санының 32,3%-і. Сонымен бірге 772 колледжде 268 мыңнан астам студент спортпен шұғылданады.