Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі археолог Зейнолла Самашевты қабылдады.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ғалым Мемлекет басшысына Қазақстан ғылымының мәселелері, соның ішінде соңғы жылдары ашылып жатқан ғылыми жаңалықтар, археологиялық зерттеулер мен мамандар даярлау жұмысы жөнінде мәлімет берді.
Сонымен қатар Зейнолла Самашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы сақ дәуірінің алғашқы кезеңіне жататын қоныстардағы қазба жұмыстары, Берел қорғанындағы археологиялық зерттеулердің қорытындысы және шетелдік ғалымдармен әріптестік туралы айтып берді, — делінген Ақорданың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары отандық археология саласында белгілі болған тың деректерді Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихының жылнамасына енгізу қажет екенін айтты.
Еске салайық, биыл маусым айында археолог Зейнолла Самашев Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Ақбауыр тауындағы археологиялық ескерткіштерден сенсация табылғанын хабарлаған еді. Ғалым жартас суреттері мен петроглифтері бар әйгілі шатқалдан кейінгі қола және ерте темір дәуірлеріндегі қоныс қалдықтарын тапқан. Жаңалық сақтардың отырықшылығын зерттеуге жол ашады.