Мемлекет басшысының өкімімен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны және қару-жарақ пен оқ-дәрі қауіпсіздігі мен дұрыс сақталуын қамтамасыз ету жұмысындағы, Қару-жарақ пен оқ-дәріні сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктері, соның салдарынан Арыста орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін бұрынғы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жүйесінен шығарылды.
Сонымен бірге бір топ лауазымды қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды. Олар: Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бұрынғы бастығы Мұрат Майкеев және Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Талғат Жанжүменов.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы төтенше оқиғаға байланысты қатаң сөгіс жариялаған еді. Арыстағы жарылыс 24 маусым күні болды. Соңғы мәлімет бойынша оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты, 400-ден астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 80-нен астам адам ауруханаға жатты. Қаланың 40 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылысқа өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқа жайттар себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Арыстан оқ-дәрі арсеналын басқа жаққа көшіру басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке Арыстағы жарылысқа қатысты қылмыстық істі тергеу барысында кінәлі тұлғалардың бәрін жауапқа тартуды тапсырды.