Жоба жастар ұйымдарының озық тәжірибелерін зерделеп, өкілдері үшін тренинг, мастер-класс, семинарлар өткізіп, диалог алаңдарын құрмақ. Қазақстан мен АҚШ жастары арасында қарым-қатынас орнатып, түрлі шара өткізбек. Жобаға жастар ұйымдары, жастармен бірлесе әрекет ететін үкіметтік емес ұйымдар, жастар ресурстық орталықтары қатыса алады.
Жоба мақсаты — шараларды ұйымдастыру, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу бойынша тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы үкіметтік емес ұйымдар жастарына қолдау көрсету, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, өзін-өзі дамытуына ықпал ету.
Жобаға Нұр-Сұлтанның, Алматының, Шымкенттің және барлық облыстың жастары қатысады. 13-14 тамызда Павлодар облысында, 19-20 тамызда Нұр-Сұлтанда, 27-28 тамызда Батыс Қазақстан облысында, 3-4 қыркүйекте Алматы облысында, 10-11 қыркүйекте Шымкентте шаралар өтеді.
Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-ға жуық жас қатысады. Барлық өңірді қамтып, шараларды ұйымдастыру бойынша тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы ҮЕҰ жастарына қолдау көрсетуді көздейді, — дейді Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.
Жоба нәтижесі бойынша үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ресурстық орталықтарының ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.
Жоба «Азаматтық бастамалар орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.
Жобаны таныстыру жиынына Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлбану Заманбекова, Jastar Otanga-2017 инновациялық идеялар фестивалінің қазылар алқасы мүшесі Дәмел Мектепбаева және Bolashaq қауымдастығының жоба менеджері Әлішер Дүнгенін қатысты.