Орталықтың мәліметінше, 2018 жылы республикада 6,6 миллионнан астам жалдамалы қызметкер тіркелген, олардың 3 миллион 383 мыңы — ер адам және 3 миллион 328 мыңы — әйел.
Мектеп мұғалімдері ең көп сұранысқа ие мамандар болып отыр. Әрбір жиырмасыншы жалдамалы қызметкер жалпы білім беретін оқу орындарында жұмыс істейді. Қазақстан балаларының білімін арттырумен барлығы 352,2 мың адам айналысады.
Кәсіптердің жалпы рейтингісінде мұғалімдерден кейінгі орынды бухгалтерлер иеленіп отыр. Жалақы, салық, шығын мен пайданы 268,2 мың адам немесе әрбір 25-ші жалдамалы қызметкер есептейді.
Сұранысы көп жалдамалы қызметкерлердің үздік үштігіне супервайзерлер, дүкен сатушылары мен олардың көмекшілері де кіріп отыр, жалпы саны — 256 мың адам.
Сонымен бірге жеңіл автокөлік, такси және фургон жүргізушілері (236,6 мың адам), күзетшілер (219,7 мың адам), кеңсе қызметкерлері (139 мың адам), медицинаның орта буын қызметкерлері (128,8 мың адам), мектепке дейінгі білім беру тәрбиешілері (119,2 мың адам), ауыл және орман шаруашылығының, балық өсіру және балық аулау саласының біліктілігі жоқ жұмысшылары (113,4 мың адам) және жүк автокөліктері жүргізушілері (105,6 мың) де ең көп сұранысқа ие 10 мамандықтың қатарында.
Жалдамалы қызметкерлердің жалпы кәсіптері рейтингінің 20-орнына «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері (77,5 мың адам) орналасты. 30-орынды жарнама, маркетинг және қоғаммен байланыс жөніндегі мамандар иеленді. Бұл салада 46,4 мың адам жұмыс істейді.
50-орында кран, көтергіш, автотиегіш және сондай техника операторлары тұр. Олардың жалпы саны — 33,1 мың адам. Сұранысы ең көп мамандықтардың жүздігін электриктер қорытындылайды. Бұл жұмыс түрімен 15,9 мың жалдамалы қызметкер айналысады.