ҚР Энергетика министрлігі «Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары тамызда ауа райы қандай болатынын хабарлады.
Синоптиктердің консультатив болжамына қарағанда тамыз айында еліміздің солтүстік-батысында ауаның орташа температурасы климат нормасына жақын, ал оңтүстік-шығыста нормадан 1 градус жоғары болады.
Жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, орталық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс пен шығыста нормадан аз болады.
Бірінші онкүндікте белсенді циклонның ықпалынан республиканың басым бөлігінде күн күркіреп, күшті жаңбыр жауады, жел күшейеді, республиканың оңтүстігінде күн ашық болады.
Бірінші онкүндік бойы батыста және солтүстік-батыста 15-25 градус жылы, солтүстікте 17-25 градус жылы, орталықта 25-33 градус жылы, шығыста 30-38 градус жылы, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста 30-38 градус жылы болады. Онкүндіктің ортасында ауа температурасы батыс пен солтүстік-батыста 23-31 градусқа дейін, солтүстікте 25-33 градусқа дейін, орталық пен шығыста 33-39 градусқа дейін, өңірлердің кей жерінде 41 градусқа дейін, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 33-39 градусқа дейін, өңірдің кей жерінде 43 градусқа дейін көтеріледі, — деп хабарлады синоптиктер.
Мамандардың ұзақмерзімді болжамы бойынша айдың екінші және үшінші онкүндігінде жаңбырлы күндер аздаған аптаппен ауысады.