Тісіме керамика салдырғаныма алты жыл болды, ауыз шаятын сумен шайсам, қанағаны тоқтайды. Бірақ күнде танертең ұйқыдан тұрғанда көп қанайды, соған қатты уайымдап жүрмін, не істеуге болады? — дейді сайт қолданушысы.

Қызылиектің қанауы туралы сұрақтарымызға №5 клиника ауруханасының бөлім меңгерушісі Маратжан Ахшалов жауап берді.

Маратжан Ахшалов
Маратжан Ахшалов. Фото жеке архивінен

— Медицинада қызылиектің жиі қанауын қалай түсіндіреді? Бұл ағзадағы басқа аурулармен байланысты ма?

— Тістің жиі қанауы қызылиектің қабынуына себеп болады. Қызылиек қабынуының алғашқы кезеңі — гингивит. Бұл кезде қызылиек жағымсыз иіс шығарады, аздап қанайды және тістен ажырай бастайды. Қызылиек қабынуының келесі сатысы — пародонтит. Бұл — зардабы көп, ем қонуы қиын ауру. Пародонтит кезінде жүйке, қан тамырлары, иммун жүйелерінің өзара реттеу қасиеті бұзылып, микробтардың әсерінен қызылиек ісіп, тіс түбірі босайды. Одан әрі асқынса, пародонтоз болады. Бұл кезде тістер түсе бастайды немесе оны жұлып тастауға тура келеді.

— Қызылиектің қанауын тоқтату үшін тұзбен немесе ас содасымен шаятындар бар. Бұл дұрыс па?

— Тісті тұзбен немесе ас содасымен шаю гигиенаға жатады. Үй жағдайында мұндай қарапайым нәрселермен ауызды шаю тістің қанауын толық емдеуге, одан айығуға көмектеспейді. Сондықтан қызылиек қанағанда үй жағдайында емдеуге тырыспай, стоматологқа қаралған дұрыс. Дәрігер қызылиектің қабынуының қай сатысы екенін анықтап, соған қарай емдейді. Маман әуелі қабынуды тоқтатады. Содан соң себебін анықтап, емдеумен айналысады. Қызылиекке жиналған тастарды тазалайды. Қабынуды басу үшін витаминдер ішу де маңызды. Сондықтан тек тұз немесе ас содасымен емделуге болмайды.

— Ауыз шаюға арналған сұйықтардың пайдасы бар ма? Олардың құрамында қызылиектің қанауын тоқтататын қоспа бар ма?

— Ауыз шаюға арналған сұйықтың көбінің құрамында қызылиектің қанауын тоқтататын қоспа болады. Қызылиек қабынуының алғашқы кезеңі болса, мұндай сұйықты қолдануға болады. Бірақ мұның өзін дәрігерге қаралып, маманның нұсқауымен ғана қолданған дұрыс.

— Қызылиек қанамауы үшін қалай күтіну қажет? Тіс пастасының құрамы қандай болуы керек?

— Барлық тағамды ауыз қуысы арқылы қабылдаймыз. Сол кезде ауру сезімі пайда болып, қабыну процесі болса, ішек қуысына түсіп, асқынуға себеп болуы мүмкін. Тіс пастасын да, щетканы да пайдаланудың ережесі бар. Алдыңғы тістердің, азу тістерді формасына байланысты әртүрлі жуу қажет. Ол үшін стамотологқа жылына бір рет қаралып, оның кеңесін алу керек.