Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өтті. Онда келушілер Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесін тамашалады. Көрмеде оқырманның назарына ақынның «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Заман-ай», «Киіз кітап», «Қара пима» және «Ынтық зар» атты кітаптары қойылды.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, белгілі қаламгер Әлібек Қаңтарбаев жүргізді. Ол мерейтой иесінің өмір жолына, шығармашылығына тоқталды. Жас ақындар мен зиялы қауым Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдерін мәнерлеп оқып, антиядролық қозғалыстың әнұранына айналған «Заман-ай» әнін бірге шырқады. Басқосуда ақын Қазақстан Жазушылар одағындағы жұмысы мен шығармашылық жоспарларын бөлісті.
Кездесуде ақынға күтпеген тосын сый ретінде Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаеваның бейнеқұттықтауы көрсетілді. Бейнеқұттықтауда Роза Рымбаева Ұлықбек Есдәулеттің «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысқа қосқан үлесі зор екенін айтты.
Кездесу соңы облыстық драма театрда өткен «Алтын ұям — Алтайым» атты шығармашылық кешпен жалғасты. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ақынның өңірге және еліміздегі мәдениеттің дамуына қосып жатқан үлесін атап өтіп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің құттықтауын жеткізді.
Шығармашылық кешті тамашалауға жиналған көрерменнің назарына талантты жерлестерінің өмірінен сыр шертетін бейнесюжет көрсетілді. Шығыс Қазақстандағы танымал әншілер мен вокал топтары Ұлықбек Есдәулеттің әндерін орындады. Мерейтой иесінің өнердегі інісі Ақберен Елгезек Ұлықбек Есдәулеттің қазақстандық қайраткерлерге үлгі екенін айтты.
Ол Қазақстан Жазушылар одағына басшылыққа келмей тұрып-ақ, поэзияның генералына айналып үлгерді. Поэзияда ұстаз болмайды дейді. Бірақ ол бізге бағыт берер бағдаршам сияқты. Қазір біз Ұлықбек Есдәулеттей болуға талпынамыз, — деді Ақберен Елгезек.
Салтанатты шара барысында мерейтой иесін облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов, облыстық спорт, мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Түсіпхан Түсіпбекова, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен еліміздің мәдениет қайраткері Аймұханбет Бейсембеков, кәсіпкер, меценат Қайрат Мусин құттықтады. Шығыс Қазақстанның кәсіпкерлері бірлесіп, мерейтой иесіне көлік мінгізді.