Ел азаматтары бюджетті қалыптастыруға атсалыса алады

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Маминге ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің орынбасарлары Жеңіс Қасымбек пен Гүлшара Әбдіқалықова және ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.

Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын және жалпы экономиканы жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Үкіметтің қазіргі және алдағы басты міндеті — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңа инвестициялар тарту, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен әкімдіктер инвестицияларды тарту жұмысын белсенді жүргізуі тиіс. Осы жұмысты бақылау үшін әрбір мемлекеттік органға, холдингке және әкімдікке өзекті тиімділік көрсеткіштері белгіленеді. Асқар Мамин жаңа тиімді жұмыс орындарын құруды, экономиканың басымдықты секторларында өндірісті әртараптандыруды, озық технологияларды енгізіп, экспортты кеңейтуді тапсырды.

Әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бірқатар нақты шара қолға алынады. Соның ішінде, мұқтаж адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетудің нақты және ашық рәсімдері белгіленеді, әлеуметтік қолдаудың кепілді көлемін көрсетудің бірыңғай тәсілдері жасалады, — деді Премьер-министр.

Білім беру саласында білім мен ғылымды толық қаржыландыруды қамтамасыз етудің іс-қимыл жоспары әзірленеді, мектептегі және кәсіптік-техникалық білім беру одан әрі реформаланады.

Бюджетті қалыптастыруға халықтың қатысуын қамтамасыз ету үшін пилот режимінде «халық қатысатын бюджет» жобасы енгізіледі, — деді Асқар Мамин.

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Іс-шаралар жоспары толығымен және сапалы орындалуы тиіс, — деді Үкімет басшысы.