Басты бетЖаңалықтарСемейде көне...

Семейде көне сиқырлы айна таныстырылды

Семейде Ф.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде «Музей қорынан» көрмесі ашылды. Көрмеге 200-ден астам экспонат қойылған. Олардың көбі кітап, журнал, фотоаппарат пен сағаттар коллекциясы. Алайда құнды дүниелердің арасынан ерекшеленгені — қашқар тиыны мен қытайдың сиқырлы айнасы.

Бұл айнаны қаладан 20 шақырым жерден таптым. Оның ортасы тесілген екен. Тіпті,  айна адам жерленген жерден алынған деген нұсқа да бар. Сиқырлы айнаны қабірге саларда ешкім пайдаланбасын деп арнайы тесіп, сындырғаны байқалады, — деді «Прииртышье»  өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов.

Өлкетанушының пайымдауынша, сиқырлы айнаға шамамен 1000 жыл болған. Одан қытай иероглифтерін көруге болады. Айна қисық және ол қоладан жасалған.

Оның сиқырлы деп аталуының басты себебі — айнаға нақты не болып жатқанын ешкім білмейді. Айнадан қабырғаға күн сәулесін жібергенде, қабырғада артқы жақта орналасқан сурет немесе жазба пайда болады. Сол үшін де оны тылсым дүниемен байланыстырады, — деді Марат Сасанов.

Көрмені дайындау барысында музей қызметкерлері көне бұйымның өзге де сиқырлы қасиетін байқаған. Олар экспонатты жіпке ілгенде сиқырлы айна бет жағымен бұрылмаған. Керісінше жан-жаққа жылжып тұрған.