Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша 88 ауылдық округ пен 4 ауданның орталығында жұмыс тобы құрылды. Құрамында қоғамдық ұйым өкілдері мен көпбалалы аналар бар арнайы топ баспана алу мақсатында үйлерді аралап, қолайлысын таңдады. Баспана таңдау кезінде мал өсіруге, бақша егуге және шаруашылық жүргізуге тиімді болатынына зор көңіл бөлінді. Ауылдық округтерден 196 үй мен аудан орталықтарынан 34 баспана таңдалды. Олардың жалпы бюджеттік емес сомасы 558,5 миллион теңге болып отыр. Шығыс Қазақстан облысы ауылдарындағы 230 отбасы көптен күткен баспаналарының кілтіне ие болды.
Даниал Ахметов Глубокое ауданында болып, 13 отбасыны жаңа баспаналарымен құттықтады.
Көпбалалы отбасылар — еліміздің басты игілігі. Біз ауылдардағы көпбалалы отбасыларға баспана беріп, әлеуметтік маңызды мәселені шештік. Үйлерді Үкімет емес, көпбалалы аналардың өзі таңдап алуы мені қатты қуантады. Барлық отбасы қуанышты. Алдағы уақытта қалалар мен аудан орталықтарында баспана мәселесін шешеміз, — деді Даниал Ахметов.
Төрт баланың анасы Айнұр Тоқтарбаева жаңа үйге көшкендегі әсері туралы айтты.
Енді менің отбасымда үлкен үй бар екеніне сене алар емеспін. Алдағы уақытта шаруашылық ашу ойымда бар. Үлкен қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге ризашылығым шексіз, — деді Айнұр Тоқтарбаева.
Бұл мезетте облыстың өзге аудандарында да баспаналардың кілті табысталды. Бородулиха ауданында 37, Көкпектіде 34, Тарбағатайда 27, Ұланда 23, Үржарда 20 үй берілді. Енді жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылып, аудан орталықтарындағы 300 отбасыға баспана беру жоспарланған. Қазіргі уақытта қала және аудан әкімдері Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген ипотекалық несие беруді қарастырып жатыр.