Алматының жаңа әкімі Наурызбай ауданының халқымен кездесті

Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданын аралап, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкім ауданның орталығында болды. Мұнда ол ауданды дамытудың преспективалық жоспарымен және негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткішімен танысты. Ол Наурызбай ауданында орналасқан ХҚКО-ға барып, келушілермен мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесін талқылады.

Бақытжан Сағынтаев Шұғыла мөлтекауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенін көрді.

Нақты жоспар әзірлеп жатырмыз. Оған жауаптыларды белгілейміз, олардың телефон нөмірі мен аты-жөні жазылған тақтайшаларды ілеміз. Сол арқылы тұрғындар кімнің қай учаскеге тікелей жауапты екенін білетін болады. Өмір сүру үшін жайлы жағдай жасау  — біздің басты міндетіміз, — деді әкім.

Бақытжан Сағынтаев «Ақсай» фильтр стансасына барды. Мұнда ол тұрғын үйлерді сумен қамту мен оның жоспары туралы есепті тыңдады. Таусамалы, Ақжар, Құрамыс мөлтекаудандарында су тасымалын ұлғайтуды тапсырды.

Аудан әлі жас. Оның қалаға қосылғанына небәрі бес жыл толды. Мұндағы жеке сектор үлкен. Адамдардың қала стандарты бойынша өмір сүргілері келеді. Сондықтан қазірден бастап тиісті басқарламалар мен аудан әкімдігі бірге осы бағыттар бойынша жұмысты күшейтуі тиіс, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Наурызбай ауданының әкіміне құрылыс жүріп жатқан учаскелерді тексеріп, сапар барысында берілген тапсырмаларды орындау міндеттелді.