Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімі...

Алматы әкімі қауіпті аймақтағы үйлер мәселесін шешуді тапсырды

Бақытжан Сағынтаев Алматының Медеу ауданында болып, тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелермен танысты. Бұл туралы әкім Facebook-тегі ресми парағында хабарлады.

Бүгін Медеу ауданындамын. Мұнда инфрақұрылым дамыған. Дегенмен тұрғындарды алаңдататын бірқатар мәселе бар. Ауданда құрылыс қарқынды жүргенімен оқушы орындары мен балалар алаңдары жетпейді. Аудан әкіміне коммунал желілердің жағдайына, бейберекет тұрақтарға, аймақты тазалауға, «Думан», «Аққайың» ықшамаудандарындағы жолдар мен судың сапасына назар аударуды тапсырдым, — деп жазды Алматы әкімі.

Бақытжан Сағынтаев көшелерді жөндегенде мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруға айрықша назар аудару керек екенін айтты. Ыңғайлы тротуарлар мен қозғалыс бөлігінен өту үшін қауіпсіз жаяулар жолы қажет.

Әкімнің айтуынша, тұрғын үй кешені үлескерлеріне, топырақ көшетін қауіпті аймақтардағы жеке үйлерге қатысты проблемалар да көп. Бақытжан Сағынтаев оның бәрін тексеретінін айтты.

Медеу ауданын аралаған кезде Горный қиылысындағы учаскені көрдім. Бірқатар жеке үй қауіпті аймаққа салынған әрі жыл сайын жауыннан топырағы шайылып, алаңдаушылық туғызып отыр. Сондықтан әкімдік пен төтенше жағдайлар департаменті бұл мәселені дұрыс шешуге ұсыныс беруге тиіс. Бұдан былай өкілетті құрылымдар жеке түрғын үй салу үшін жер бөлу кезінде табиғи құбылыстарды ескере отырып, қауіпсіздікті басты назарда ұстағаны абзал. Құрылысқа бақылауды барынша күшейту қажет, — деді әкім.

Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданында
Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданында. Фото: Facebook.com/sagintayev.b