Baqytty bala фестиваль-конкурсының І маусымы Ержан Максим, Наргиз Жанұзақ сияқты эстраданың жас жұлдыздарын танытқан еді.

Алдағы конкурсқа қазылар алқасының мүшелері болып шетелдің белгілі орындаушылары мен музыка индустриясының басқа да кәсіпқой мамандары қатысады. Олардың қатарында «X-фактор»  жобасына қатысушы және оның бірінші кастингінің ролигі арқылы Қазақстан көрерменінің есінде қалған Украинаның танымал әншісі Аида Николайчук та бар.

Тәуелсіз өкіл ретінде «Голос» тележобасының жұлдызы, грузин орындаушысы Нини Цнобиладзе шақырылды.

Сараптама командасына Ресей композиторы Евгений Евзеров та кіріп отыр, ол Валерий Леонтьев, Николай Басков, «Турецкий хоры», Филипп Киркоров және тағы басқа сияқты орындаушылармен жұмыс істейді.

Қазақстаннан қазылар құрамында Димаш Құдайбергеннің саунд-продюсері және музыканы көркемдеуші Ерлан Бекчурин, танымал композитор әрі орындаушы Ұлықпан Жолдасов және Димаштың ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов бар.

Фестиваль-байқауға 9 елден (Украина, Ресей, Беларусь, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Грекия, Канада, Молдова) барлығы 500-ден астам өтініш келіп түскен.

Baqytty bala-ның режиссеры Анна Обоянскаяның айтуынша, конкурсқа берілген өтініш саны да, орындаушылардың вокал деңгейі де артып отыр, соның ішінде халықаралық деңгейде өздерін дәлелдеген балалар да бар. Алайда, оның айтуынша, іріктеу кезінде қатысушылардың ерекше вокалына және артистік қабілеттеріне мән берілді. Сондықтан қазылар алқасы әлемге әлі белгілі емес, бірақ мықты вокал потенциалы бар 20 баланы таңдап алды.

Анна Обоянскаяның өзі туралы айтуына қарғанда ол Украинадан арнайы шақыртылған. Ол Италияда, Испанияда, Түркияда, Грекияда өткен халықаралық масштабтағы жобаларға және Димаш Құдайбергеннің Bastau концертіне режиссер болған.

Былтыр Ақтөбеден фестиваль-байқауға қатысқан 20 баланың төртеуі үздіктер қатарына кірді. Оның біреуі гран-при, ал қалған үшеуі 1, 2, 3-дәрежелі дипломдарға ие болды. Бұл Ақтөбе әкімдігінің Қазақстан эстрадасының жарқын жұлдыздарын танытатын байқауды жоғарғы дәрежеде ұйымдастыруына түрткі болып отыр. Осы қолдаудың арқасында қонақтар мен қатысушыларға ыңғайлы жағдай, соның ішінде азық-түлік, трансфер және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалады.

Концерттің финалында сатылған билеттен жиналған ақшаның барлығы қалалық мәдениет үйін жаңартуға жұмсалады, — дейді Ақтөбе әкімінің орынбасары Айгүл Арғынғазиева.

Baqytty bala фестиваль-байқауы Димаш Құдайбергеннің және оның «ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшілігімен өтеді. Димаш Құдайберген конкурстың барлық кезеңіне өзі қатысады.

Айта кетейік, 2018 жылдың маусым айында Ақтөбеде балалар вокалының Baqytty bala атты І ашық фестиваль-байқауы өткен еді. Ол Ақтөбе облысының мәдени брендіне айналды. Іс-шараны «ДимашАли» шығармашылық орталығы облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Жобаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Грекия өкілдері қатысты. Димаш Құдайберген, Данэлия Төлешова, Джордан Аракелян, Влад Сытник, Светлана және Қанат Айтбаевтар, Жеңіс Ысқақова сияқты артистер фестивальдің төрешісі әрі қонағына айналды.