Нұр-Сұлтанда 9 мыңға жуық жұмыс орны құрылды

Жиында Нұр-Сұлтанда осы жылы жұмыс орындарын құру жөніндегі жол картасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс орындарын құру, дербес жауапты тұлғаларды айқындау және «Жұмыс орындарын құру интеграциялық картасы» ақпараттық жүйесін сүйемелдеу тұрғысынан мемлекеттік, салалық бағдарламалар әкімшілеріне тапсырмалар жүктелді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимовтің төрағалық етуімен мемлекетік, салалық бағдарламалар мен жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі талқыланды. Жиынға инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс және тұрғын үй саясаты, қалалық ортаны регенерациялау, тілдерді дамыту және архив ісі, отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, білім, қоғамдық денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының және жұмыспен қамту орталығы басшылары қатысты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге «Жұмыс орындарын құру интеграциялық картасы» ақпараттық жүйесі әзірленді. Бұл жүйе жұмыс орындарын құрудың нақты жағдайын бейнелейді. Жұмыспен қамту саясатын іске асыру бөлігі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалаудың жаңа тәсілін қамтамасыз етеді.

Жыл басынан бері астанада 8846 тұрақты жұмыс орын құрылды.