«ҚазМұнайГаз» тобының кәсіпорындарында жас маман кеңесін құру мен олардың қызметін жүргізу, жыл сайын жиын мен тренинг, үздік мамандарды іріктеу бойынша сала байқаулары, қайырымдылық акциялары және компания жұмысын жүргізетін өңірлердегі тарихи жерлерде сенбіліктер ұйымдастыру – міне, мұның барлығы компанияны басқару ісіне жастарды жұмылдыру үшін жасалып жатыр.

Фото: Кmg.kz

Нұр-Сұлтанда өткен жастар форумының «НЕконференция» атты ерекше форматы да кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл жиын бірінші кезекте корпоратив орталық пен еншілес компанияларда жұмыс істейтін жастардың өкілдері арасындағы білім мен тәжірибе алмасуды, өзара байланысты нығайтуды ынталандыруға бағытталған. Белсенді мамандарды жинаған «НЕконференция» табысты болу, тұлға ретінде даму, кәсіби маман ретінде өсу және компанияның өркендеуіне үлес қосу сияқты өзекті мәселелерді бейресми жағдайда талқылауға мүмкіндік берді.

Еліміздің мақтанышына айналған және нағыз үлгі тұтарлық жас қазақстандықтар форумның спикері мен бизнес-тренері болды. Ірі халықаралық корпорацияларда елеулі жетістектерге жеткен – Азат Мырзабаев (Сүлейман Демирел атындағы университет, АҚШ, Twitter компаниясында жұмыс істеген), Әлібек Датбаевтың (Нидерландтағы Booking.com компаниясында Team Lead) және басқа да танымал тұлғалардың сөздері форум қатысушылары арасында үлкен қызуғушылық тудырды.

НЕконференция
Фото: Кmg.kz

Көшбасшылық қасиетті тәрбиелеу жөніндегі мастер-класты еліміздің белгілі марафоншысы Марат Жыланбаев өткізді. Марат Жыланбаев – арақашықтығы 160 мың шақырым болатын, Азия, Африка, Аустралия және Американың ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен адамзат тарихындағы тұңғыш және бірегей спортшы.

Шараны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кадрлар және әлеуметтік саясат жұмысы жөніндегі блок ұйымдастырды.

Болашақ жастардың қолында. Қазіргі ақпараттық, цифрлық заманда жастар тек білімді болмай, бір-бірімен араласып, тығыз коммуникация орната білуі керек. Компаниямыздың жас мамандарына еркін, бейресми пікір алмасу форматы ұнап, тренинг пен бизнес-ойын олардың кәсіби және жеке дамуына мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деді «ҚазМұнайГаз» адами ресурстарын басқару жөніндегі директоры Дәулетжан Хасанов.

Форумда «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев компанияның жас мамандардың алдына қоятын мақсаттары туралы сөз қозғады. Ол «ҚазМұнайГаздың» жас белсенділері еліміздің басты мұнай-газ компаниясының корпоратив құндылығына ортақтаса отырып, корпоратив идеологияны, инновация саясатын, өндіріс мәдениетін қалыптастырудың басты күшіне айналуға тиіс екенін айтты.

Жастар форумы бағдарламасында ең маңыздысы — команда жасақтау тренингтері. Жетістікке жету үшін бірігіп жұмыс істеңдер. Адам жалғыз өзі табысқа жетіп, биіктерді бағындыра алмайды, сол үшін серіктес іздеу қажет. Бүгін сендер кем дегенде нақты бірыңғай мақсаттарды қоя білуді үйренесіңдер, сыртқы сын-қауіптерді жеңу үшін ортақ бағытты таңдайсыңдар. Ең көп дегенде бірлескен бизнесті басқару дағдыларын қалыптастырып, жаңа идеяларыңызбен бөлісесіздер, — деді Жақып Марабаев.

Форумның қызық бағдарламасы «НЕ хабар?», «НЕ зат?», «НЕ айтасың?» деген сессиялармен жалғасты.

«НЕконференция» аясында қаржы сауаты, әлеуметтік желілердегі жүріс-тұрыс және коммуникациялар ережелері бойынша тренингтер өтті. Форумға қатысушылардың жеке табыс жолы да талқыланды.