Гиннесс кітабына енген қазақстандық рекордтар

Ғарышкерлер орнатқан рекордтар

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер 1989 жылы 1 қарашада алғашқы болып, авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. “Тбилиси” крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті десе де болады.

Тоқтар Әубәкіров
Тоқтар Әубәкіров

Бұл әдістің ерекшелігі: ұшақ трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, бірден көтеріліп кетуі керек. Ол әрине ұшақтың маторына байланысты еді. Барлық мәселе секундтар еншісінде болатын. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. Сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров құлдилап та, көтеріліп те үлгерді. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақтың осы ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді.

Ең ұзақ ғарыштағы сапар

Талғат Мұсабаев
Талғат Мұсабаев

Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтың құрметіне Талғат есімі берілген қазақтың екінші, әлемнің 309-ғарышкері де рекордшы атанған. Ол бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары үшін Гиннесс рекордтар кітабына енген. Ғарышқа сапарларының бірінде Талғат Мұсабаев ажал аузынан қалады. Өзінің айтуы бойынша, ашық ғарышқа шыққан кезде, кемеге бекітетін тетік ажырап кетеді. Кемеден алыстай түсіп, енді оралмастай болған жағдайда, таңғажайып құдірет оны бұл апаттан құтқарған. Солайша ғарышкер аман қалады.

Қазақ география қоғамының экспедициялық тобы

Қазақ география қоғамының экспедициялық тобы

2011 жылы желтоқсанда қазақ география қоғамының экспедициялық тобы оңтүстік полюске дейінгі 2308 километр жолды автокөлікпен 108 сағатта басып өтті. Бұл экспедияция «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді. Экспедиция қатысушылары мұндай рекордты жоспарламаған екен.

Қытай қазақтары орнатқан рекордтар

Кеңес күйі, Гиннес рекорд
Бір мезгілде 10450 домбырашы «Кеңес» күйін орындауда. ҚХР, Толы ауданы

Қытайдағы қазақтар ұлттық құндылықтарға ерекше құрметпен қарайды. 2010 жылы 10 мыңнан астам домбырашы бір сәтте “Кеңес” күйін тартып, рекордтар кітабына енді.

Етегі 50 қатпарлы көйлек

Қытайдағы қазақтар Еуразиялық киім көрмесіне қатысып, ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі 12, 30 метр, сондай-ақ етегіндегі желбірі 50 қатпардан тұратын сахналық қазақ көйлегін рекордтар кітабына енгізді. Бұл көйлектің авторы — Қытайдағы қолөнер шебері Зиятхан Айдарханқызы.

Ең кішкентай домбыра

Болатбек Кәрімханұлы, Ең кішкентай домбыра

«Әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енген домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр. Оны 2012 жылы Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасап шықты.

1111 метр қазы

Гиннесстің рекордтар кітабына “Қазақ халқының ұлттық тағамы”  деп қазыны тіркеткен Қытай азаматы — Жарқын Бармақұлы. Ол жалпы ұзындығы 1111 метр қазыны жасап шығаруға 44 жылқының етін пайдаланған. Тағамның салмағы — 4572 келіні құраған. Суреттегідей диаметрі 6.5 метр алып табаққа қойылған кезде айналма қабаты 71 қатар, ал биіктігі 4 метрге жеткен. Бір қызығы, осы қазының тек он метрі бәссаудада сатылыпты. Оны «Сая» өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы 20000 долларға жуық бағамен сатып алған.

Ең үлкен таба нан

Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» да Гиннесстің рекордтар тізіміне енген. Оны пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сары май жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі — 2,53 м, қалыңдығы — 14,5 см.

736 келі асылған ет

2015 жылы 6 шілдеде Астана қаласының 17 жылдығына орай салмағы 736 келі ет асылды. Оны әзірлеу үшін 700 келі ет, 17 қап пияз, 300 келі қамыр жұмсалған. Ұлттық тағамды даярлауға үлкен тайқазан Түркістаннан арнайы әкелінді. Бұл рекорд “Мемлекеттің басты ұлттық тағамының дайындалуы” деген атаумен тіркелді.

Астана, Гиннеске енген ет тағамы

Ал 2014 жылдың 7 қыркүйегінде Алматыда салмағы 856 келі бауырсақ дайындалса, 2015 жылы 1 мамырда қалада әлемдегі ең үлкен лағман тамағы әзірленді. Оның салмағы 687 келі болды. Оған 250 келі ұн, 200 келі көкөніс, 120 келі ет және 50 литр май пайдаланылыпты.

Алматы, Гиннеске енген бауырсақ

Спорттағы рекордтар

Қазақстандық марафоншы Марат Жыланбаев жеті мәрте рекорд орнатқан. Ол Еуропаның ең биік шыңы Эльбрусқа (5642 метр) марафондық жүгіріспен жеті күнде жүгіріп шықты. 1992 жылы 20 күнде Қарақұм шөлін (1200 километр), 1993 жылы 24 күн ішінде Сахара шөлін (1700 километр), сол жылы 22 күнде Үлкен Виктория шөлін (1600 километр),  1994 жылы 17 күнде Мохава шөлін (1218 километр) басып өткен.

Марат Жыланбаев
Марат Жыланбаев

Рекордтар кітабындағы боксшы

Орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин де рекордтар кітабына енді. Қазақстандық боксшы бұл құрметке нокауттар саны жағынан ең жоғары көрсеткіш, 91,67%-ды, көрсеткені үшін ие болып отыр. Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген Головкин 36 жекпе-жек өткізіп, оның 33-ін нокаутпен ұтты. Сондай-ақ қатарынан 23 кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Қазіргі таңда бұл — орта салмақтағы әлем чемпиондары арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Гиннестің рекордтар кітабы

Гиннесстің рекодтар кітабына адамның ғана емес, барлық тіршіліктің ғажап қасиеттері енеді. Бұл кітап алғаш 1955 жылы ирландтық сыра қайнатушы «Гиннесс» компаниясының басшысы Хью Бивер сэрдің тапсырысы бойынша жарық көрген. Кітапта жарияланған ақпараттар тез «қартайып», үнемі жаңарып отырады. Өз рекордыңызды ұсыну үшін ереже бойынша, жасалған рекордты видеоға түсіріп, монтаждамай кітап редакциясына жіберу керек. Рекорд жасар алдында Гиннесс кітабының арнайы комиссиясын шақыруға да болады.