7 шілдеде Нұр-Сұлтанда Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Шараға қатысу үшін www.asyldombyra.kz сайтында 2019 жылдың 1 маусымынан 5 шілдесіне дейін онлайн тіркелу керек. Концерт сағат 7 шілдеде 12.00-де басталады.
Биыл Ұлттық домбыра күніне арналған концертте орындалатын алты күй таңдалды. Қатысушылар барлық шығарманы білгені дұрыс. Дегенмен ұсынылған композициялардың біреуін ғана білетіндер де концертке үлес қоса алады, — дейді Нұр-Сұлтан Мәдениет және спорт басқармасының өкілдері.
Мереке кезінде жиналғандарға «Жастар» театры тарихи қойылымды ұсынады. Сонымен бірге астанадағы музыка мектептерінің оқушылары өнерлерін ортаға салады, ақындар айтысы өтеді.
«Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда киізүйлер тігіледі. Қонақтар домбыраның және басқа да ұлттық аспаптың түр-түрімен танысады. Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ — домбыра» концерті қойылады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Мемлекеттік академиялық филармонияның солистері мен вокалистері өнер көрсетеді. Концерт сағат 17.00-де басталады, кіру — тегін.
Айта кетейік, былтыр Ұлттық домбыра күніне орай «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда 2 мыңнан аса өнерпаздан құрылған оркестр өнер көрсетті. Флешмобқа қатысу үшін еліміздің әр өңірінен домбырашылар келді. Шараны Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Бұл қала тарихындағы айтулы оқиға болды. «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін орындаған домбырашыларға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Айтқали Жайымов дирижерлық етті.
1 шілдеде өткен Ұлттық домбыра күніне арналған концертке белгілі музыканттар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Нұр-Сұлтан Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Үлкенбаева, Нұркен Әшіров, дирижер Арман Жүлдебаев, «Бастау», «Серпер», «Асыл», «Музарт» топтары және Асылбек Еңсепов қатысты.
Былтыр қатысушының ең кішкентайы 7-де, ал ең үлкені — 75-те болды. Ең жас қатысушыға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев домбыра сыйлады.
Ұлттық домбыра күні 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің жарлығымен бекітілді. Бұл мереке жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі.