— Қазыбек, балаларды қолдап түрлі жоба ұйымдастырасыз. Бұл іспен қашаннан бері айналысып жүрсіз?

— 2012-14 жылдары мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Кембридж университетінде білім алдым. 2015 жылы елге оралғасын Әнуар Биданов деген азаматпен бірге «Достар» футбол клубын аштық. Содан бері балаларды қолдап-қолпаштап жүрміз.

Бізде футбол десе ішкен асын жерге қоятын бала көп. Бірақ олардың бәрі бірдей футболмен кәсіби айналыса алмайды. Өйткені Қазақстанда балаларды оқытатын, дайындайтын орталық аз. Жалғыз «Қайрат» футбол клубы академиясы бар. Оған екінің бірі түсе алмайды. Өйткені онда балаға қойылатын талап өте жоғары.

Қазір елімізде аула футболы кеңінен дамып жатыр. Әр аулада кем дегенде екі-үш футбол клубы бар. Бірақ мұнда балаларды жаттықтырып жүрген мамандардың біліктілігін анықтайтын орталық жоқ. Олардың балаларға не үйретіп жүргені де үлкен мәселе.

Қазыбек Қашқабаев
Фото Қазыбек Қашқабаевтың жеке архивінен

— «Достар» футбол клубы осы олқылықтың орнын қалай толтырып жатыр?

— Қазір елімізде үлкен футболға арналған алаңдар аз. Сол себепті біз шағын стадиондарды жалға алып, балаларды жаттықтырып жүрміз. Алматыда, Шымкент пен Түркістанда филиалымыз бар.

Алматыда Future footballaers factory академиясы жұмыс істейді. Олар қазақстандық дарынды балаларды шетелдегі футбол клубтарында жаттықтыруға мүмкіндік жасайтын делдал қызметін атқарады. Биыл осы компанияға ұсыныс жасадық. Олар бізге Испанияның «Эспаньол» командасының бес жаттықтырушысын шақыруға көмектесті. Шетелден келген жаттықтырушылармен төрт қалада болдық. Футболға қызығатын балалар жиналды. Олар төрт баланы таңдап, өз елдеріне шақырып отыр.

— Іріктеу қай қалаларда өтті және оған неше бала қатысты?

— Іріктеу Нұр-Сұлтан мен Алматыда, Шымкент және Атырауда өтті. Төрт қаладан барлығы 243 бала қатысты. «Эспаньол» футбол командасының жаттықтырушылары ең дарынды балаларды іріктеп алды. Олар осы жылдың қыркүйегінде Испанияға аттанып, бір ай футбол академиясында білім алады. Балаларға осындай мүмкіндік сыйлағанымызға қуаныштымыз.

"Достар" футбол клубы
«Достар» футбол клубы. Фото Қазыбек Қашқабаевтың жеке архивінен

— Испаниялық жаттықтырушылар қазақ балаларына не үйретеді?

— Испания Бразилиядан кейін футболды дамытып отырған мемлекет қой. Онда жыл сайын футболға, cоның ішінде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға қыруар қаржы бөледі. Бұл мүмкіндікті Испанияда туған немесе сонда тұратын бала ғана пайдаланбайды. Егер бала дарынды болса, допты жақсы теуіп жатса, испаниялық жаттықтырушылар оның ұлтына қарамайды.

Алматыдағы Future footballaers factory академиясының құрылғана биыл бес жыл болыпты. Осы уақыт ішінде олар қазақстандық сегіз баланың шетелде жаттығуына мүмкіндік жасады. Бұл балалар қазір Испаниядағы «Хетафе», «Алавес» сияқты футбол клубтарында ойнап жүр. Былтыр «Достар» клубынан Даниел Сайлаубек деген бала Испанияға кетті. Ол қазір «Хетафе» футбол клубында жаттығып жүр. Оның жетістігін байқаған жаттықтырушылары оған резидент куәлігін берді. FIFA-ның базасына тіркеді. Бұл – футбол клубымыз үшін үлкен жетістік.

— Бұған дейін «Тамшы» ғылым мен мәдениет қорын құрғаныңызды білеміз. Қазір бұл қор жұмыс істей ме?

— «Тамшы» қоры 2015-18 жылдар аралығында жұмыс істеді. Өйткені демеушілер үш жылдық жоспарымызға ғана қолдау көрсетті. Бұл қордың арқасында да біраз жұмыс істедік. Нұрғали Ораздың, Ерболат Әбікенұлының шығармаларын ағылшын тіліне аударып, шетелдегі әдеби конкурстарға қатысуына мүмкіндік жасадық. «Шұғыла» қайырымдылық қорымен бірлесіп, түрлі мереке кезінде концерттер өткіздік. «Меломан» тобына қолдау көрсетіп, әнші Марат Омаровтың Америкадағы турконцертін ұйымдастырдық. Студенттерге түрлі стипендия тағайындадық.

— «Балалық шақпен қоштасу» деген кітап та жазыпсыз…

— Бұл кітаптың алғашқы бөлімі 2017 жылы жарық көрді. Кітапта Ғалымжан мен Мұрат деген кейіпкерлердің басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Олар білімге құштар. Екеуінің ауылдағы өмірінен бастап қалаға, интернатқа оқуға келген кезі суреттеледі. Кітаптың таныстырылымы бірнеше қалада өтті. Балалар оқып, жақсы пікір айтты. Кітаптың екінші бөлімін келесі жылы шығаруды жоспарлап отырмыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!