Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, сағат 9.20-да өртке қарсы қызмет бөліміне Арыстағы №44856 әскери бөлім территориясының қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабар түскен.
Жарылыс болған жерде Түркістан облысының төтенше жағдайдалар департаментінің жеке құрамынан 30 адам мен 8 өрт сөндіру техникасы, Шымкенттен 4 техника, жеке құрамның 23 адамы мен 1 кинологиялық топ жұмылдырылды, — делінген ресми ақпаратта.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қазір өрт сөндіру және эвакуация жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің бастауымен жұмыс тобы құрылды.
Артынша Қорғаныс министрлігінің өкілдері жарылысқа қатысты мәлімдеме жасады.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Қорғаныс министрлігінің басшылығы оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберді. Қарулы күштердің жеке құрамы апат салдарын жою және азайту үшін іс-шаралар ұйымдастырып жатыр, — делінген ресми хабарламада.
Tengrinews.kz порталына хабарласқан жергілікті тұрғындар отбасыларымен қаладан кетіп жатқанын айтқан. Олардың хабарлауынша, қалада кептеліс болып жатыр.
Оқиғаға байланысты Шымкент төтенше жағдайлар департаментінде «Қауырт желісі» жұмыс істейді. Тәулік бойы 8 7252 44 94 72 немесе 8 7252 35 33 66 телефон нөмірі бойынша ақпарат алуға болады.